АБАЙҒА АРНАЛҒАН ОНКҮНДІККЕ БАЛАЛАР ДА АТСАЛЫСУДА

Мемлекетіміздің басшысы өзінің жыл сайынғы жолдауларында Елімізді дамыған мемлекеттердің қатарына қосу үшін жан-жақты жұмыс жүргізудің қажеттігін, «алдымен экономика» деген ұстанымды тастап, саяси, рухани, экономикалық салаларды қатар дамыту арқылы ғана қазіргі замандағы жетістікке қол жеткізуші елдердің қатарынан орын алуға болатынын айтқан еді.
ҚР Үкіметінің Қаулысымен 2020 жылы 10 тамыз – Абай күні болып белгіленді. Биыл еліміз бойынша ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 179 жылдығы аясында көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр. Ұлы ойшыл, ақын Абайға арналған ұлттық рухты көтеретін, жас ұрпақтың бойына отаншылдық, адамгершілік қасиеттерді егетін ондай мәдени-рухани іс-шаралар Түркістан облысында да өткізілуде. Абай күні қарсаңында облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы тамыз айының басында «Абайды оқы, орында» атты әдеби іс-шаралар онкүндігін бастаған болатын.
Онкүндіктің алтыншы күнінде Облыстық жастар ресурстық орталығымен бірлесе отырып, аудан, қалалардан келген 8-14 жас аралығындағы оқушылармен «Біз Абайды білеміз бе?» викториналық ойыны өтті. Ойынға балалар белсенді қатысып, Абай жайлы сұрақтарға жарысa жауап берді. Шара соңында балаларға кітапхананы таныстыру мақсатында экскурсия жүргізілді. Белсенді оқушыларға «Абайдың қара сөздері» жинағы және заманауи комикс кітаптар сыйға тартылды. «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында өткен викториналық ойынға қатысушы оқушы балалар онкүндікке қатысудан ғана емес, әмбебап кітапхананы аралаудан да үлкен әсер алып, рухани деңгейі көтеріліп шаттанып қалды.
Қазақ халқының ұлттық идеологиясының, әдебиетінің, философиясының, руханиятының көрнекі өкілдерінің алдыңғы легіндегі Абай Құнанбаевтың туған күніне арналған онкүндік барысында облыс аумағында өткізіліп жатқан мәдени-рухани ісшаралардан облыс тұрғындары, әсіресе осы шараларға қатысушы балалар үлкен әсер алып, көңіл көкжиектерін кеңіте түсуде.
Жас ұрпаққа осылай мемлекеттік идеология арқылы отаншылдық қасиеттерін дарыту олардың тәрбиелі де тәлімді, білікті де білімді, өмірге құштар, отанына деген сүйіспеншілігі жоғары азаматтар болып есеюіне септігін тигізері сөзсіз. Ал ондай ұрпақ елдің ертеңін жарқын етеді.
Онкүндік барысында кеңейтілген кітап көрмесі, әлеуметтік желілерде танымдық сауалнама, викториналық сұрақтар, сурет байқауы, қара сөздері мен өлеңдерін жатқа айту сайысы сынды мазмұнды шаралар жоспарланған. Аталған іс-шара Абай ескерткішіне тағзым жасаумен қорытындыланбақ.