БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІНЕ АТА-АНА ЖАУАПКЕРШІЛІГІН АРТТЫРУ КЕРЕК

Мемлекеттің балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жастар саясатын қабылдаудағы мақсаты – жас ұрпақтың тәрбиесін дұрыс жолға қою. Өйткені кәмелет жасына жетпей көше қаңғырып, түнімен бос селтеңдеген бозбала теріс жолға түседі. Олардан ертеңгі күні ел болашағын ойлаушы, ел қорғаушы емес қоғамға қауіпті элементтерге айналуы ықтимал. Сондықтан «Баланы жастайынан» демекші балаларды жас күнінен бастап қорғау мен қауіпсіздігін сақтай отырып, дұрыс тәлім-тәрбие алуын қамтамасыз етуге тиіспіз. Ол тек қана құқық қорғау саласы қызметкерлері мен білім беру мекемелерінің педагогтарының мәндетіне кірмейді, бірінші кезекте ата-ананың басты міндеті мен парызы болып саналады.
Түркістан облысының полицейлері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құқығын қорғауға әрқашан ерекше көңіл бөледі. Осы ретте тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесу мақсатында «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім және жауапкершілік» атты іс-шараларды өткізуде.
Жүргізілген жұмыс нәтижесінде жыл басынан бері түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған 198 кәмелетке толмаған анықталды. Тұрғын үйден тыс жерде жүрген 4 358 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жасы кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін 104 мекеме иесіне хаттама толтырылды. Құқық бұзушылыққа бейім 427 кәмелетке толмаған мен бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 268 қолайсыз отбасы есепке алынды. Жалпы есептік мерзімде жасөспірімдермен жасалған қылмыстар 11,6 пайызға төмендеді.
Одан бөлек қазіргі таңда оқушылар жазғы сауықтыру лагерьлері мен түрлі экскурсияларға шығуда. Облысымызда жалпы 32 жазғы лагерлері қызмет көрсетуде. Олардың барлығына полиция қызметкерлері бекітіліп, лагерь аумағында бақылау жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар шомылу кезіндегі сақтық шараларын ұйымдастыру мақсатында полиция, төтенше жағдайлар қызметкерлерімен бірлесіп, түсіндіру шараларын атқаруда.
Балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау – ересектердің басты міндеті. Сондықтан полиция олардың демалыс кезіндегі қауіпсіздігін толық сақтау үшін, бірігіп шаралар қабылдауға шақырады.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында, Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері үш тәулікте 500-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
Полицейлер балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 53 ата-ананы жауапқа тартты. Ұсақ бұзақылықтың 16 фактісі мен қоғамдық орында мас күйінде болудың 7 фактісін анықтады. Түнгі рейдтер барысында кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз үйден тыс жерде болуының 446 фактісі тіркелді.
Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Е. Асқаров:
«Түркістан қаласында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасынсыз үйден тыс жерде болуының 30-ға жуық фактісі анықталды. Құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, ескертулер берілді. Іс-шара алдағы уақытта да жалғасады», — деп атап өтті.
Жалпы «Түнгі қаладағы балалар» іс-шарасы кезінде құқық бұзушылық жасауға бейім 56 жасөспірім мен қолайсыз 24 отбасы профилактикалық есепке алынды. Тұрғылықты жері бойынша есепте тұрған 118 кәмелетке толмаған мен 168 қолайсыз отбасы тексеріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Түркістан облысында полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, түнгі уақытта көшелерде немесе ойын-сауық орындарында ата-аналарының қарауынсыз жүрген жасөспірімдерді анықтауға бағытталған «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде.
Полицейлер қоғамдық көмекшілермен бірге саябақтарды, скверлерді, компьютерлік клубтарды, қараусыз қалған ғимараттарды, ойын-сауық орталықтарын және кәмелетке толмағандар баруы мүмкін басқа да орындарды тексеруде. Рейд барысында құқық бұзушылық жасаған жасөспірімдер анықталып, полицияға жеткізілді. Ал олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Өз кезегінде полиция қызметкерлері ата-аналарға балаларының тәрбиесі мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауды және оларды қараусыз қалдырмауды ұсынады.