«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ ЖҮЗШАҚТЫ БАЛАҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

0
119

Мемлекетіміз тарапынан жас ұрпақтың лайықты өсіп, білім мен тәлім алып, алаңсыз жайлы мектептерде білім нәрінен сусындауына барлық жағдай жасалынуда. Соның бірі әр оқу жылы қарсаңында еліміз бойынша «Мектепке жол» акциясының өткізілуі. Бұл бүкілхалықтың іс-шараға айналған акцияның мақсаты — тұрмыс деңгейі төмен отбасыларының, көпбалалы аналардың, жетім-жесірлердің балаларының да барлық басқа замандастары сияқты жаңа оқу жылына дұрыс киініп, сабаққа қажетті барлық құрал-сайман, кітап, дәптерлері сай болып барып қатарластарымен бірдей тең жағдайда білім алуына мүмкіншілік жасау болып табылады.
Түркістан облысында «Мектепке жол» акциясы жылдағыдай тамыз айының алғашқы күндерінен басталып, бүгінде өңірлерде белсенді жүргізілуде. Таяуда ғана Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Мектепке жол» акциясы өтті. Аталған шара 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай жоспарланған. Шараға облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Ернар Бектаев қатысып, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі. 100-ге жуық балаға мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған сөмкелер үлестірілді.
Акция барысында орталық мамандары тарапынан қаланың көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастырылып, балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Негізгі мақсаты – көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ ерекше балаларды қолдау және жаңа оқу жылы қарсаңында бірреттік көмек көрсету.
Шара аясында халқымыздың салт-дәстүрін қастерлеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, жас ұрпақ бойына рухани адамгершілік дәндерін себуге бағытталған шаралар жүргізілді. Жаңа оқу жылының қарсаңындағы игі бастама елімізде дарынды, білімді, алғыр, дені сау ұрпақ өсуіне ұйытқы болмақ.
Еске сала кетейік, жалпы бұл акция 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Жақсылық жаса» ұранымен өткізіледі. Еліміздің азаматтары әрбір балаға шынайы қамқорлық пен назар аудара алады.Осы акция аясында қайырымдылық жасауға кәсіпкерлер, меценаттар және өзге де азаматтар қолдау білдіре алады.