ӨҢІРДЕ ЖАСТАР САЯСАТЫНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУЫ САРАЛАНДЫ

0
88

Мемлекеттің жастар саясатында еліміздің болашағы жарқын болуы үшін лайықты ұрпақ өсіру басты мақсат болып табылады. Соған байланысты жеткіншектерге, жастарға арналған көптеген мемлекеттік жобалар, бағдарламалар қабылданып, солармен жас қрпаққа қолдау жасалуда. Өңірлердегі «Жастар ресурстық орталықтары сол мемлекеттік жастар саясатын іске асырушы ретінде аталған бағытта жан-жақты жұмыс жасауда. Түркістан облысында да жастар саясатының нәтижелі іске асырылуына баса көңіл бөлініп, әкімдік басшылығы тарапынан қадағаланып отырады.
Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс болып өтті. Жиында аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің және “Жастар ресурстық орталығының” жыл басынан атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша алғашқы болып құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Талғат Омарқұлов сөз алып, спорт және білім, медицина, тұрғын үй салаларында жүріп жатқан құрылыс жұмыстарына тоқталды. Сондай-ақ “Ауыл — Ел бесігі” бағдарламасымен ұсынылған жобалар, сыртқы көрнекі жарнамалар, кәсіпкерлік нысандар мен тұрғын үйлердің сыртқы қас келбетін реттеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Аудан әкімі аталған салада бірқатар нәтижелі жұмыстардың бар екенін айтып, бөлім басшысына ауылдық округтердің әкімдерімен бірлесіп негізгі көшелердегі нысандардың қасбетін ретке келтіру бойынша эскиздік жоба әзірлеуді тапсырды. Одан бөлек ақтау, сырлау жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде жүргізуді міндеттеді. Сондай-ақ заңсыз жарнамаларды, құрылыстарды анықтау жұмыстарын жандандыруды айтты.
2024 жылы аудандық “Жастар ресурстық орталығы” тарапынан бас-аяғы 800 іс-шара өткізу жоспарланған болса, жыл басынан 498-і өткізілген. Одан бөлек орталық жанынан жастарға 5 үйірме жұмыс істейді. “Жасыл ел” бағдарламасына 110 жасты қатыстыру жоспарланған. Бұл туралы аталған орталық жетекшісі Әсел Баймаханова мәлімдеді.
Аудан басшысы орталық жетекшісіне жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардан тұрақты түрде хабардар етіп отыруды, жастар арасында ел назарын аударатын ауқымды шаралардың өткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Жастардың қатысуымен өткізілетін шараларға ауылдардағы жастарды тартуды, қажет болса кесте жасап шараларды ауылдық округтерде өткізуді тапсырды. Сондай-ақ жастарда озық идеялапдың болу керектігін айтқан аудан басшысы әрбір іс-шараны тиісті деңгейде насихатталуы керек екенін қадап айтты.
Мәжілісте күн тәртібінен бөлек аудандағы қоғамдық-саяси ахуал, абоненттерді табиғи газға қосу, санитарлық-тазалық мәселелері қаралды. Тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар беріліп, оларды орындаудың мерзімдері белгіленді.
Сондай-ақ, Созақ ауданы әкімінің орынбасары Серік Мамановтың төрағалығымен жиында да жастар орталығының аудан көлемінде атқарып жатқан жұмыстарының барысы қаралды. Жиынға аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерлан Райымқұлов және орталық пен ауылдық округтердегі жастар істері жөніндегі мамандар қатысып, онда жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы мен Созақ аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің есебі тыңдалды.
Аудан әкімінің орынбасары Серік Сахиұлы жастарға арналған жеңілдетілген шағын 2,5 пайыздық несие, «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Бастау-Бизнес», «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы мен «Дипломмен ауылға» сынды бағдарламалардың орындалу барысына жеке-жеке тоқталып өтті.
Орталықтың жұмысы қатаң сынға алынып, нақты міндеттер жүктелді. Жұмысты барынша үйлестіру керектігін айтып, ендігі кезекте өз міндетіне салғырттық танытқан мамандардың мәселесі қаралатынын ескертті.
Ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерлан Болатханұлы Neet санатындағы жастармен тығыз жұмыс істеу керектігін айтып, бұл бойынша жастардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.