МЕМЛЕКЕТТІҢ БАЛАЛАРДЫ ҚОЛДАУЫ НӘТИЖЕСІН БЕРУДЕ

0
72

Елдің болашағы – жас ұрпақтың саналы, дені сау, білімді де тәрбиелі болып өсуі үшін жеткіншектергі мемлекет тарапынан қолдау мен жағдай туғызып, мүмкіндік жасау маңызды. Сондықтан мемлекеттік жастар саясатында балалардың, жастардың шынығып шымыр болып өсуі бұқаралық спорт түрлерімен айналысуына байланысты бағдарламалар бар. Жыл бойы, тіпті балалардың жазғы каникулы кезінде де спорттық шаралар үздіксіз жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рақымжан Ерденбековпен кездесті. Кездесуде бокс спортын дамыту, жас таланттарға қолдау көрсету, Түркістан қаласында күзге таяу бокс додасын өткізу идеясы мен түркітілдес елдердегі боксты дамыту мәселесі талқыланды.
– Түркістан облысы демографиялық өсім бойынша елімізде көш бастап тұр. Басты мақсатымыз – жастарды жан-жақты дамытып, қолдау көрсету. Сіздердің бокс пен спорт саласын дамыту туралы бастамаларыңызды және ТҮРКСОЙ-дың ұйымдастыруымен алғашқы WBC Amateur TURKSOY бокстан гранд финалды өткізу жөніндегі бастамаңызды қолдаймын. Еліміздің болашақ чемпиондарына ештеңені аямай, жас спортшыларды жақсылап дайындаңыздар. Жас спортшыларға мықты проумотерлерге баруға кеңес беріңіздер. Дарынды боксшыларды қолдау және көтермелеу, сондай-ақ олардың дамуына, өсуіне ықпал етіңіздер, – деді Ертай Алтаев.
Рақымжан Ерденбеков кәсіпқой боксқа жанашырлық танытып, жылы қарсы алған өңір басшысының орынбасарына алғысын білдірді. Алдағы жоспарлар туралы баяндады.
– Бұл дода да 15-16 жас аралығындағы боксшылар арасында финалдық кездесу жоспарланып отыр. 10-14 қазан күндері әуесқой бокстан гранд финал Түркістан қаласында өтеді. Бұл жарысқа түркітілдес елдерінің жас боксшылары қатысып, жеті салмақ дәрежесінде чемпиондарды анықтайды. Онда түркітілдес елдердің әділқазылары төрелік ететін болады. Қазақстан және Түркістан командаларын жасақтап, бәсекелестікті күшейтеміз, – деді ол.
«Спорт күні» мерекесіне орай Алматы қаласында өткен футболдан 2013-2014 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирде түркістандық команда 3-орынға ие болды. 16 команда бақ сынаған жарыста Түркістан қалалық «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының командасы» үздіктер қатарынан көрініп отыр. Турнирге дайындаған Еркебұлан Құнарбаев – Еуропа футбол қауымдастығы одағының С категориялы жаттықтырушысы.
Спорт клубының өз жұмысын бастағанына 3 жылдан асты. Содан бері облыс орталығындағы түрлі шараларға мұрындық болып, жүйелі жобаларды жүзеге асырып келе жатыр. Клубта шахмат, үлкен теннис, стритбол, қазақ күресі, футбол, дойбы, тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлерінен 24 жаттықтырушы жұмыс істейді. Қазіргі таңда 1400-ге жуық оқушы аталған спорт үйірмелеріне қатысады.
Түркістанда оқушылардың каникулдарын тиімді де пайдалы өткізуін қамтамасыз етуге арналған жазғы ашық алаң ойындары жалғасып жатыр. Тамыз айындағы кезекті жарыс қаладағы Отырар мөлтек ауданында өтті. Спорттық шарада 300-ге жуық үміткер бақ сынады. Секіргішпен секіру, ләңгі тебу, белтемірге тартылу және асық ату сияқты ойындардан жарыс өтіп, үздіктер анықталды. Жеңімпаздар маусымның қорытынды сайысына жолдама алып, жүлдегерлерге сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.
Спорттық ойындарды Түркістан қалалық «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубы» ұйымдастырып отыр. Аталған клубтың өз жұмысын бастап, облыс орталығындағы түрлі шараларға мұрындық болып, жүйелі жобаларды жүзеге асырып келе жатқанына 3 жылдан асты. Клубта шахмат, үлкен теннис, стритбол, қазақ күресі, футбол, дойбы, тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлерінен үйірмелерде 24 жаттықтырушы жұмыс істейді.
Қаламызда 6 сектор бойынша 130-дан астам ашық алаңшалар бар. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында секторда орналасқан ашық алаңдарда әр аптаның бейсенбі-жұма күндері «Жазғы демалыс спортпен» атты ұранмен Түркістан қаласы ашық алаң ойындары өткізіледі.