АУДАН ДАМУЫНЫҢ ІШКІ РЕЗЕРВТЕРІ ҚАРАСТЫРЫЛУДА

Түркістан облысының әкімінің аймақтың әлеуметтік-экономикалық деігейін көтеріп, қуаттылығын арттыру мақсатында өңірлерді дамытуға байланысты тапсырмаларына сәйкес барлық өңірлерде де жан-жақты жұмыстар жасалуда. Оның ішінде Отырар ауданының әкімдігі де жоспарлы жұмыстарды жүргізіп, аудан экономикасын көтеру бағытында ізденістер жасауда. Мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды іске асыруға қосымша ауданда ішкі резервтерді қарастыру бағытында да жұмыстар жүргізілуде.
Таяуда Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы күш атасы, қазақ халқының даңқын әлемге әйгілі еткен палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының туған жері Ақтөбе ауылында болды. Алдымен палуанның тұрған үйіне барып, қолданған заттары мен жәдігерлерді тамашалады. Саз балшық пен сабаннан тұрғызылған саман үй 2009 жылдан бастап мұражайға айналып, Қажымұқанның тұрмыста қолданған заттары мен тарихи жетістіктері көпшілік назарына ұсынылған. Бүгінде тарихи орынды іздеп келушілер де аз емес.
Аралау барысында ауыл тұрғындары тарапынан мұражайды туристік маршрутқа енгізу, абаттандыру жұмыстарын жүргізу секілді ұсыныстар айтылды. Аудан басшысы жауапты сала басшыларына айтылған ұсыныс-пікірлерді саралап, заң шеңберінде тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды. Отырар өңіріндегі басқа да туристік маршруттарға бұл мұражайды қосу саяхаттап келушілер қатарын арттыра түспек. Кезегінше аудан қазынасына да түсер қаржы өсе түспек.
Іс сапар барысында елді мекендегі ауыз су жүйесімен танысып, жаңадан салынып жатқан 150 орындық мәдениет үйінің құрылысын аралап көрді. Ауылдық мәдениет үйі аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысы аясында 2023 жылы басталған болатын. Мердігер «Construction Group «SAMRUK» ЖШС. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 90 пайызға жуық жұмыстары аяқталған. Аудан басшысы құрылыс жұмыстарын сапалы әрі қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүргізуді тапсырып, мерзімінде берілуін қадағалауды жауапты мамандарға жүктеді.
Аудан басшысы Шілік ауыл округіндегі «Абдрахман КМ» өндірістік кооперативінің шаруашылығымен танысты. Жалпы жер көлемі 200 гектарды құрайтын кооперативтің иелігіндегі 8 гектар жерге қарбыз, 92 гектарына қауын, 25 гектарына жоңышқа, 25 гектарына жүгері дақылы егілген. Шаруашылықта 15 адам жұмыс істейді.
Сондай-ақ елді мекендегі өндіріс орындарының бірі қымыран, шұбат өнімдерін шығаратын «Гүлмайра» шаруа қожалығы. Шаруашылық тәулігіне 2,0 тонна шұбат өнімін шығарады. «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында іске қосылған шұбат цехында 16 адам жұмыс істейді. «Отырар шұбаты» брендімен танылған отандық өнім қазіргі таңда республиканың Оңтүстік облыстарымен қоса Алматы, Қызылорда, Ақмола облыстарына таратылады.
Аудан әкімі аталған кәсіп иелерінің шаруашылықты одан әрі дамыту бағытындағы ұсыныстарын тыңдап, мемлекеттік қолдаулар туралы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Отырар ауданындағы филиалы арқылы кеңес алуға болатынын атап өтті. Мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыра отырып, ауданның ішкі резервтерін де пайдалану жолдарын қарастыру бюджет қаржысын арттырумен қатар отандық өнім өндіру көлемінің көбейе түсуіне септік етері сөзсіз.
