ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ЖАН-ЖАҚТЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Биылғы көктемде еліміздің бірнеше аймағында орын алған су тасқынынан болған апаттың салдары ел басшыларының да, аймақ басшыларының да су тасқынының алдын алып «аталарымыздың «Жаз шанаңды сайла, қыс арбаңды сайла» деген ұлағатты сөзін түсінуе, соны іске асыруға алдын ала кірісу керектігіне көз жеткізді. Бұл жұмыстарды орындауда озық технологияларды, цифрландыру технологиясын ендіру де маңызды.
Су тасқынына қарсы дайындық шаралары Түркістан облысында тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстар белгілеген жоспар бойынша іске асырылып жатыр. Оның барысы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде жан-жақты талқыланды. Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап, жұмыстарды ширатуды тапсырды. Тапсырманы орындамаған аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма өздеріне жүктелген міндетті орындап, қауіпсіздік шараларын күшейтуді ескертті.
– Апаттың алдын алу жұмыстары тоқтамау керек. Қажетті құрал жабдықтар мен техникалармен қамтамасыз етілді. Сондықтан
су арналарының ағымдағы жөндеуі мен механикалық тазалау жұмыстарын кестеге сәйкес аяқтау қажет. Су тасқынының алдын алу мақсатында тиісті шаралар өз мерзімінде орындалып, облыс аумағындағы бөгеттерді нығайту, арықтар мен каналдар жүйелерін тазалау жұмыстарын бақылауда ұстау керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Су ресурстары және ирригация министрлігімен «2024-2028 жылдарға су тасқынына қарсы Жол картасы» әзірленуде. Жол картасы су саласын цифрландыру, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері үшін мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу және неғұрлым үнемді ауыл шаруашылығы дақылдарына көшу жөніндегі іс-шараларды көздейді. Құжатта су ресурстарын тұтыну мәдениетін енгізу қарастырылып, еліміздің су саласының барлық бағыттарын қамтиды.
Мәжілісте Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Асқар Төлешевтің баяндамасы тыңдалды. Айтуынша, жалпы тасқынға қарсы 110 мың дана қап, 8 мың тонна жанар-жағар май қоры мен мен тұрғындарға қажетті тамақ өнімдері мен ауыз су қорын әзірлеу бойынша меморандум жасалып, 296 бірлік инженерлік техника әзірленген.
Облыстағы тағы бір маңызды мәселенің қатарына таяуда басталатын жаңа оқу жылына әзірлікті толық аяқтау жатады. Өңір бойынша жаңа оқу жылына жүздеген білім ордаларын ағымдағы, күрделі жөндеу жұмыстарынан өткізіп, бірнеше жаңа мектептердің құрылыстарын да сапалы жүргізу де мерзімінде орындалуы тиісті. Мәжілісте сондай-ақ өңірдегі білім ұяларының ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысы, құрылысы жүргізіліп жатқан жайлы мектептердің құрылысы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Облыс басшысы сапаны сақтап, бекітілген мерзімде барлық жұмыстардың аяқталуын ескертті.
Бүгінде 300-ден астам білім беру ұйымдары жөнделіп жатыр. Оның ішінде балабақша, мектеп және колледждер де бар. Жалпы облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының тапсырмасымен тозығы жеткен немесе апатты жағдайдағы білім ұяларын реттеу, қалпына келтіру, жаңарту жұмыстары қарқынды атқарылып жатыр.
Түркістан облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орындық 63 мектеп салу жоспарланған. Бұл мектептер жас ұрпақтың қазірге заман талабына сай жайлы білім ордасында жан-жақты білім мен тәрбие алуына, арнайы жабдықталған кабинеттерде заманауи озық ғылым-біліммен танысып, электронды бағдарламаларды меңгеруіне мүмкіндік ашады. Мұндай мектептерден білікті ұстаздардың жетілдірілген методикалық әдістерін пайдалана отырып оқытылған шәкірттер саналы да білікті болып мектеп бітіріп, қалаған мамандығын алу арқылы еліміздің дамуына нақты үлес қоса алатын мамандар болып шығуы қарастырылған.