СУДЫ ҮНЕМДЕЙТІН ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ ЕНГІЗІЛУДЕ

0
63

Халқымызда «Үнемшілдің – үлес мол» дейтін мәтел бар. Яғни отбасынан бастап қайбір шаруада, қолға алған істе неғұрлым үнемшіл болсаң, табысың да соғұрлым мол болады. Әсіресе, бүгінде жетіспеушілігі әлемде сезіле бастаған су мәселесінде үнемшілдік өтек қажет. Ауыл шаруашылығында ағынды суды үнеммен пайдалана отырып, өндірілетін өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бар.
Мемлекет басшысының «Суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту» тапсырмасы аясында Түркістан облысында нақты жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде Сауран ауданы аумағында суармалы алқаптарға су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша нәтижелі де ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Таяуда Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садибаевтың төрағалығымен ауыл шаруашылығы саласы бойынша құрылған кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Жиналысқа аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бекзат Абубакиров, аудандық прокуратура, жер қатыныстары бөлімі, «Тұран Су» мекемесінің өкілі, шаруа қожалық төрағалары, шаруалар, ауыл шаруашылығы мамандары қатысты.
Кеңестің күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Бірінші мәселе бойынша Жүйнек ауылдық округі, Шекербұлақ және «Ырмақ-Өзен» су қоймасынан босатылатын ағын суды пайдалану туралы Жүйнек ауылдық округінің әкімі Төрабай Әбдікәрімов хабарлап өтті. Сонымен қатар, «Тұран Су» ШЖҚ МКК теңгеріміндегі ішкі шаруашылық каналдарында ағын суды жеткізіп беру қызметінің тарифтері туралы Шаға ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауылшаруашылық саласының ардагері Оразгелді Егізбаев баяндама жасады.
Жиналыс барысында шаруашалар тарапынан көптеген ұсыныс-пікірлер айтылып, назарға алынды. Кеңесті қорытындылыған аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев кеңесте айтылған өзекті мәселелер бақылауға алынып, алдағы уақытты тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
Атап айтқанда, Сауран ауданы бойынша 1119 гектар жерге су үнемдеу технологиялары орнатылды. Оның ішінде, тамшылатып суару – 165 гектар болса, жаңбырлатып суару – 994 гектарды құрап отыр. Тамшылатып суару әдісі арқылы ЖК «Датқа» Қытай компаниясымен 7 жылға келісімшарт түзіп, биылғы жылы 133 гектар жерге мақта дақылын екті. Жыл соңына дейін 360 тонна өнім алу жоспарлануда. «Ақсақ керіз» шаруа қожалығы 25 гектар жерге бақша дақылын егіп, 875 тонна қарбыз алу көзделуде. «Өтеген» шаруа қожалығы 7 гектарға тамшылатып суару арқылы алма бауын егіп, жылына 37 тонна өнім алуды жоспарлап отыр.
Жаңбырлатып суару бойынша – 994 гектар жерге мал азықтық дақылдар егілді. Жыл соңына дейін 5000 тонна мал азығын алу көзделуде. Қазіргі таңда, елімізде шаруаларға су үнемдейтін жүйелерді сатып алу және орнату үшін берілетін субсидия мөлшері бірден 30%-ға ұлғайтылып, 80%-ға дейін жетті. Бұл заманауи суару жүйелерін сатып алу, сондай-ақ барлық қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету шығындарын өтеуге көмектеседі.
Осы орайда, агорқұрылымдар 1941 гектар жерге жаңбырлатып суару технологиясын орнату бойынша «BNK IRRIGATION» ЖШС-мен «Ырыс» МҚҰ келісімшарт түзген. Жыл соңына дейін агроқұрылымдар су үнемдеу технологияларын орнататын болады. Олар орнатылған соң тонналаған су үнемделумен қатар, тонналаған өнім мол алынатын болады.