МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН ҚОЛДАУ ӘРДАЙЫМ БОЛАДЫ

Түркістан болысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағыттарының бірі елдімекендердегі инфрақұрылымдарды жақсарту мен тұрғындардың жеке кәсіптерін ашуына, жұмыспен қамтылуына мемлекеттік қолдаулар жасауға көңіл бөлу, түсіндіру жұмыстарын жүргізу болып табылады. Қала, аудандарда осы бағыттағы жұмыстар атқарылуда.
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов тұрғындармен кездесуін Хантағы ауылында жалғастырды. Ауылға жасаған жұмыс сапары барысында алдымен ауылдан Қаратау қорығына қарай 2,7 шақырым жерге жүргізілген жаңа бағаналарды бақылады. «Оңтүстік Жарық» ЖШС тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады. Инвест жобасы аясында бұдан бөлек 5 шақырымнан аса жердің бағаналары жаңартылады. Сондай-ақ жаңа екі трансформатор орналастырылмақ.
Аралау барысында қала әкімі ЖК Жанегизов.М шаруа қожалығына барды. Онда кәсіп иесі жылқы бордақылаумен айналысады. Өткен жылы мемлекеттен несие алып, 12 бас жылқы алған. Бүгінде жылқының саны 50-ге көбейіп отыр. Өз кәсібін одан әрі дамытып, жұмыс күшін көбейткісі келетін кәсіпкер қаладан етті тікелей сатуға арналған орын салуға қолдау көрсетуді сұрады. Қала әкімі кәсібін дамытып, жұмыс көзін көбейтемін дейтін кәсіпкерлерге мемлекеттен қолдан келгенше қолдау болатынын атап өтті.
Ауыл тұрғындарымен кездесу барысында бірқатар мәселелер көтерілді. Ағын су, ауылды газға қосу, Жылу орталығының қысқы маусымға дайындық барысы секілді сауалдар жолданды. Қала басшысы барлық ұсыныс-өтініштерін тыңдап, заң шеңберінде жауап берді. Біршама жұмыстың жүзеге асырылуы қаржының бөлінуіне байланысты іске асырылатынын түсіндірді. Ауыл тұрғындары қажетті сауалдарына көңілге қонымды жауаптарын алып, әлі де бірқатар істер жүзеге асатынына сенім білдірді. Ауыл қариялары елдің амандығы мен тыныштығын тілеп баталарын берді.
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов жұмыс сапарымен қалаға қарасты Ащысай ауылында болып, тұрғындармен кездесті. Ең алдымен осы сәтке дейін тұрғындар тарапынан көп көтеріліп келген, тозығы жеткен жарық бағаналарды ауыстыру барысындағы жұмыстарды бақылады. Бүгін де ауылдағы С.Мұқанов көшесіндегі 10 кВт бағаналар ауыстырылған. Одан бөлек, көпқабатты тұрғын үйдегі кәріз жүйесін ауыстыру мәселесі жүзеге асырылмақ.
Тұрғындармен кездесуде коммуналдық салаға қатысты бірқатар мәселелер көтерілді. Одан бөлек, ауыл спорт залына қосымша қызметкер қажеттілігі ұсынылды. Қала әкімі кездесу барысында аталған мәселелер бақылауда болып, шешу жағы қаралатынын атап өтті. Ащысайдың табиғатына қызығушылық танытатындарға демалыс аймақтарын салу бойынша ұсыныстар болып жатқанын, жүзеге асқан жағдайда бірқатар жұмыс орны болатынын атап өтті.
Ауылдың төменгі бағытынан жоғарғы көшелерге жүріп өтетін баспалдақ жолдың құрылысына қажетті қаржы бөліп, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді ауыл әкіміне тапсырды.