ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІН ТЫҢДАП, ОЙЫН АЛАҢШАСЫН АШТЫ

«Халық үніне құлақ асатын үкімет» ретінде жергілікті әкімдіктер өз аймағындағы тұрғындармен жиі кездесіп, жоспарлы түрде тұрғындармен жеке қабылдаулар өткізіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдап, сын-ескертпелері мен ұсыныстарына құлас асып, олардың арасындағы өз құзырына жататындарын заң шеңберінде шешіп отыруы керектігін мемлекет басшысы үнемі айтып келеді. Әкімдерге бұл міндетті орындап отыруды тапсырған да болатын. Соған орай Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өзі үлгі болып халықты жеке қабылдап, басқалардан да осыны талап етіп отырады.
Күні кеше Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов тұрғындармен жеке мәселелер бойынша қабылдау өткізді. Қабылдауда тұрғын үй, аулаларға ойын алаңшасын салу, жол төсеу және өзге де жеке мәселелер бойынша азаматтар болды.
Әрбір тұрғынның жеке мәселесін тыңдаған қала басшысы әр мәселеге жекелей тоқтап, тиісті заңдылықтарға сәйкес жауап берді. Мәселенің заң аясында шешу жолдарын түсіндірді. Кейбір жеке азаматтардан түскен өтініштермен жұмыс жүргізу үшін бақылауға алынды. Көтерілген мәселелерге байланысты жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.
ҚР Президентінің бастамасымен елдің барлық аймағында көгалдандыру, абаттандыру мақсатында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жүруде. Бұл шараға кентаулықтарда белсенді қатысып, қала тазалығын сақтауға атсалысуда. Қала және қалаға қарасты ауылдарды абаттандыру мақсатында қалаға арасты Қарнақ ауылында балаларға арналған жаңа ойын алаңша пайдалануға берілді.
Ойын алаңшасын салып, пайдалануға беру ауылдың белсенді кәсіпкерлері мен ауыл тұрғындарының қолдауымен, ауызбіршілігінің арқасында жүзеге асырылды. Ойын алаңшасы ауылдағы тұрғындары тығыз орналасқан Әз-Жәнібек көшесіне салынды.
Игі шараға қатысқан қала әкімі Жандос Тасов, қалалық маслихат депутаты Бекзат Хабибов балаларға қуаныш сыйлап, ауылды абаттандыруға демеуші болып, үлес қосқан жандарға алғыс білдірді. Ауыл тұрғындарын жаңа ойын нысанының пайдалануға берілуімен құттықтап, лентасын қиды.
Ауыл ақсақалдары ақ баталарын беріп, жанашыр ауыл тұрғындарына ризашылықтарын жеткізді.
Тарихы терең Қарнақ ауылында пайдалануға берілген балалардың ойын алаңшасы барлық стандарттарға сай, 1 гектар аумақты алады. Онда жарықшамдар орнатылып, айналасы абаттандырылған. Тыныстап демалуға арналған жайлы орындықтар қойылған. Мұндай ойын алаңшасы осымен төртінші рет ауыл балаларына табысталуда. Ауылдың белсенді тұрғындары жыл соңына дейін тағы да осындай 4 ойын алаңшасын кентаулық балалардың пайдалануына табыстауды жоспарлап отыр.
Сонымен біргі қала әкімі Жандос Тасовтың тапсырмасына сәйкес, қала әкімінің орынбасары Нұрбол Көкенов ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өтіп жатқан білім нысандарын аралады. Жаңа оқу жылы қарсаңында білім нысандары қала басшылығының тұрақты бақылауына алынған.
Әкімнің орынбасары нысандарды аралау барысында құрылысы жүріп жатқан мектептерде орын алған кемшіліктер мен ақауларды анықтап, түзету бойынша тапсырмалар берді.
Сондай-ақ жұмысты сапалы, әрі уақытында атқаруды құрылыс жүргізуші мекемеге ескерту жасады. Әрбір атқарылған құрылыс жұмыстары басшылықтың жіті бақылауында болатындықтан жұмыстар сапалы әрі уақытында бітуі қажеттігін айтты.
Биыл Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындағы «Махмуд Қашғари атындағы жаратылыстану бағытындағы мектеп-лицейі» мен «Қарнақ атындағы жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Онда мектептердің бастауыш ғимратының есік, терезе, еден, жылу батареясы және жылу трубалары ауыстырылып, жаңартылуда.
Сонымен қатар мектептердің негізгі ғимаратының ішкі және сыртқы сырлау жұмыстары жүргізілуде.
