ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА МЕКТЕПТЕРДІҢ ДАЙЫНДЫҒЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Жаңа оқу жылының басталуына да аз ғана уақыт қалды. Оқушылар мен олардың ұстаздары жазғы демалыстарынан кейін жаңа оқу жылын сақадай сай сәулетті де жарық, барлық керек-жарағымен жабдықталған жайлы білім ордасында бастауы үшін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ескі, заман талабына жауап бермейтін мектептерді күрделі, ағымдағы жөндеулерден өткізіп жаңа оқу жылына дайындауды, кейбір елдімекендерде жайлы жаңа мектептер салып, құрылысын мерзімінде сапалы аяқтауды тапсырған болатын. Бір сөзбен айтқанда, облыстың білім беру нысандарындағы күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары дер кезінде аяқталып, жаңа оқу жылына дайын болуы тиіс. Мектептерді оқу жылына дайындауда бюджеттен бөлінген қаржыға қоса ауылды жерлердегі білім ордаларына «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы арқылы да қаражат қарастырылған. Бұл мемлекеттің білім саласына ерекше көңіл бөліп отырғанын көрсетеді.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев тиісті басқарма өкілдерімен және аудан, қала әкімдерінің жауапты орынбасарларымен бірге осы тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады. Жиынға мердігер компанияның өкілдері де қатысты.
– Жаңа оқу жылының басталуына бір ай ғана уақыт қалды. Биыл 300-ден астам білім беру ұйымында ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде балабақша, мектеп және колледждер де бар. Жалпы облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының тапсырмасымен тозығы жеткен немесе апатты жағдайдағы білім ұяларын реттеу, қалпына келтіру, жаңарту жұмыстары қарқынды атқарылуда. Бұл мақсатқа тиісті қаражат бөліп, ел игілігі үшін бағыттап отырмыз. Енді мерзімінде тиісті жұмыстарды аяқтаңыздар. Үлгереміз деп сапаны ұмытып кетпейік. Мектептің сыртқы жұмыстары да оқу процесіне кедергі жасайды. Бей-жай қарамаңыздар. Екі ауысыммен жұмыс істеңіздер. Жұмыс күші жетпесе, оны шешейік, – деген Бейсенбай Дәулетұлы құрылыс барысы қатаң бақыланатынын жеткізді.
Жиын барысында Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов баяндама жасап, жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесімен таныстырды. Қазіргі уақытта мектеп саны 1052-ге жетті. Соның ішінде 193 мектеп пен балабақшада, 12 колледжге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ал 22 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның 7-уі «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. 5-еуі жаңа оқу жылында халықтың игілігіне тапсырылады. Қалған мектептерге облыстық бюджеттен қаржы қарастырылған. Сонымен қатар 106 білім нысанының жылу жүйесі газға ауыстырылмақ.
Ал, Түлкібас ауданы, Бақыбек мөлтек ауданындағы 300 орындық заманауи мектептің құрылысы толық аяқталды. Қазіргі таңда қабылау жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов аталған білім ордасына арнайы табан тіреп, атқарылған жұмыстарды саралады.
Үш негізгі корпустан тұратын білім ұясында балаларға орта білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Іші толық қажетті құрал-жабдықпен жабдықталған, жаңа оқу жылына дайын. Жолды реттеу жұмыстары ғана қалып отыр. Аудан басшысы аталған мәселені тездетіп шешу мақсатында жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеп, мерзім белгіледі. Сонымен қатар білім бөлімінің мамандары мен тиісті мекеме басшыларына балалар қауіпсіздігін қатаң сақтау үшін мектеп айналасындағы құдықтардың бетін бітеп, трансформаторларды дереу қоршау қажеттігін ескертті.
Бұдан соң аудан әкімі қасбетін ретке келтіру жұмыстары жүріп жатқан Жанкент мектебіне арнайы барып, ол жердегі атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады. Мектеп сыртын қаптау жұмыстары тамыз айының үшінші онкүндігінде толық аяқталып, жаңа оқу жылына пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Айта кетейік, бүгінгі таңда ауданда дәл осындай жеті мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде, Алғабас мектебі аяқталған болса, Молдағұлова мектебінде жұмыс атқарылуда.
Аудан әкімі Ынтымақ ауылындағы А.Оразбаева мектебінде болып, жаңа оқу жылына дайындық барысын қадағалады. Өткен жылдан өтпелі болып, күрделі жөндеуден өткен мектептің директорына мектеп ауласын көріктендіру, көгалдандыру бойынша біршама ескертпелер жасады.