МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ ҚАЙТАРУ БОЙЫНША ЖҰМЫС ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Ел Президенті экономикамызды дамытудың қарқынын арттыру үшін мақсатты пайдаланылмай жатқан миллиондаған жер телімдерін қайтырып алып, сол жерлерді тиімді пайдалануды тапсырған еді. Соған орай өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстар арқылы көптеген жерлер кері қайтарылуда. Түркістан облысында 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында 31 мың гектар жер телімлері мемлекет меншігіне қайтарылды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген мәлімдеді.
«Жалпы облыстағы барлық жер қоры 11 млн 610 мың гектарды құрайды. Оның басым бөлігі яғни 4 млн 469,5 мың гектар аумақ — ауыл шаруашылығы жерлерінің үлесіне тиесілі. Сонымен қатар, облыс әкімінің өкімі негізінде құрылған ведомстволық топ өңірдегі ауыл шаруашылығына пайдалануға арналған жерлерді және заңсыз иеленген аумақтардың барлығын мемлекет меншігіне қайтару бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Атап айтар болсақ, 2024 жылы 60 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған. Алғашқы жартыжылдық есеп бойынша қазіргі таңда 31 мың гектар жер мемлекет меншігіне өткізілді. Сондай-ақ өңірде мал басының артуына байланысты жайылым көлемін 304 мың гектарға арттыру көзделіп отыр», -деді басқарма басшысы.
Байтақ еліміздегі ұшы-қиырсыз жерімізді тиімді пайдалануды жолға қояр болсақ ел экономикасын қарқынды дамытуға, қаншама азаматтарға жаңа жұмыспен қамтылып, жаңа кәсіпкерліктер ашылуына мүмкіндік туар еді. Сол сияқты ауылдарда мал өсірумен шқғылданушы шаруалардың азды-көпті малына жеткілікті етіп жайылымдар бөлуге де болар еді. Мұның бәрі тиімді ұйымдастырылса сол өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына жеткізеді.