ШАРУАЛАР СУДЫ ҮНЕМДЕП, ӨНІМ КӨЛЕМІН ҰЛҒАЙТУДА

0
63

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында аймақтарға ауыл шаруашылығының егіс алқаптарында суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, мейлінше құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту, су үнемдейтін технологияны көптеп ауқымды түрде енгізу қажеттілігі және суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыру жөнінде тапсырма берген болатын.
Осы бағытта аудан әкім Арман Қарсыбаев ауданда тамшылатып суғару әдісімен 370 гектар күнбағыс өсіріп жатқан «ИІРЖАРАГРО»ЖШС шаруақожалығымен танысты. Ондағы жұмыстарды қарап, диқандардың өтініштерін тыңдады. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан жасалатын қолдауларды түсіндіріп, аудандағы ауыл шаруашылығы саласын заманауи түрде дамыту керектігін жеткізді.
Жаушықұм ауылындағы «ИІРЖАРАГРО» ЖШС шаруа қожалығы түркиялық инвесторлармен бірге, 500 гектар егістік алқабын игеріп отыр. Биыл 370 гектарына күнбағыс егіп, оны тамшылатып суғару әдісімен өсіруде. Бұдан бөлек, шаруа қожалықтың басшылығы 100 гектардан астам аумаққа картоп егуді жоспарлап отыр.
Шаруақожалық 11 адамды тұрақты жұмыспен қамтыса, жұмыс ауқымына байланысты 20-30 адамға қосымша жұмыс жасатып отыр. Мұнда 23 ауылшаруашылығы техникасы жұмыс істейді. Күнбағыс өнімін ҚХР, Түркия,Әзірбайжан елдері мен ішкі нарыққа өткізуді жоспарлап отыр.
«Алдағы уақытта мемлекеттің қолдауы аясында шаруа қожалықты дамытып,зауыт ашуға да ниеттіміз. Бұл тамшылатып суғару дүниежүзі бойынша су тапшылығының алдын алатын және өнімділікті көбейтетін әдіс деп білемін.»- дейді шаруа қожалығының өкілі Оразалы Шыршықбаев.
Ал, Шардаралық диқан, «Тұрар» шаруа қожалығының иесі Ан Юрий Владимирович өзінің 33 гектар пияз алқабының 5 гектарынан алғашқы 400 тоннадан астам өнімін сатылымға шығарды. Аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Талғат Әлімқұлов пияз алқабына арнайы барып, жұмыстың барысымен танысты. Оның егістік алқабында сегіз түрлі пияз тұқымдары өсіріледі. 33 гектар пияз алқабының барлығы тамшылату әдісімен суландырылады. Бұл тамшылату әдісімен 1 сағатта 1 метр жерге 1 литр 600 грамм су кетсе, ал жүйек (арықша) арқылы сағатына 90 литр су далаға кетіп ысырап болады, дейді шаруа қожалық иесі Юрий. Сонымен қатар, егістік маусымында аталмыш шаруа қожалық 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырады.
Сондай-ақ, кәсіпкер күзге дейін пияз алқабынан 3000 тоннаға жуық өнім алу күтіліп отырғанын айтты. Пияз өнімінің негізгісі Ресей, Беларус елдеріне экспортталмақшы.