ЖҰМЫС ЖАНДАНСА – ЖОСПАРЛЫ МЕЖЕ ОРЫНДАЛАДЫ

2024 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өсім бар. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде айтылды.
– Мемлекет басшысы биыл экономиканың 6% өсімін қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Үкімет тарапынан арнайы жоспар түзіліп, негізгі көрсеткіштер бойынша жоспар айқындалған. Барлық аудан, қала әкімі мен басқарма басшылары өздеріне бекітілген индикаторларды орындауы тиіс. Бұл мәселені екі аптада бір рет тұрақты түрде талқылауды тапсырамын. Жұмысты жандандырыңызыдар. Бір ғана кәсіпорын немесе зауытқа қарап отыра беруге болмайды. Көрсеткіштер төмендеген аудан, қала басшыларының сылтаулары қабылданбайды. Жаңа кәсіпорындар ашу, инвестиция тарту бағытында жұмысты күшейтіңіздер, – деген еді облыс әкімі.
Облыс әкімінің тапсырмасымен тоқсан сайын әлеуметтік-экономикалық даму индикаторлары бойынша рейтингтік бағалау жүргізілуде. Жалпы ІІ тоқсан қорытындысымен 36 индикатордың 32-не қол жеткізілді. Бағалау қорытындысымен Бәйдібек, Сауран, Шардара аудандары үздіктер қатарынан табылды. Бұл туралы да сол облыс әкімінің мәжілісінде айтылды.
Мәжілісте аудан, қала әкімдеріне және салалық басқарма басшыларына биылға межеленген жоспарға қол жеткізу мақсатында барлық тиісті шараны қабылдау,жоспарлар мен міндеттемелерді орындау жүктелген.
Облыста әлеуметтік-экономикалық даму индикаторлары бойынша рейтингтік бағалау жүрізіліп Шардара ауданы үздік үштікке енген. Әйтсе де, жағдайымыз жақсы екен деп арқаны кеңге салуға болмайды. Жұмысты ширата түсіп, жылдық жоспарлы көрсеткіштерді орындап шығу үшін күнделікті нақты жұмыс жасау қажет.
Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаевтың төрағалығымен лездемелік аппараттық мәжіліс өтті.Жиында әр сала бойынша күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қозғалды.
Арман Романұлы ауданның құрылыс, инфрақұрлымы мен сәулетін дамытудағы бірқатар мәселелерге тоқталып, кәсіпкерлік саласындағы ауданға инвестор тарту жұмыстарын талқылады. Сондай-ақ, қаржының игерілуі мен көрсеткіштерін саралап, дербес бөлімдер мен ауыл әкімдеріне жұмысты ширатуда тапсырды.
«Біздің басты мақсатымыз аудан халқының жүріп-тұруына қолайлы орта қалыптастыру. Ауданның бюджеті бүкіл жұмысты бірден жасап тастауға жетпейтіндігі белгілі, бірақ күн тәртібінде тұрған жұмыстарды кезегімен жасауымыз қажет. Аудан тұрғындарына газ, ауыз су, тұрғын үйден бөлек, таза және әдемі ортада өмір сүруіне жағдай жасалу қажет»-деді аудан әкімі.
Сол сияқты аудан әкімі Арман Қарсыбаев жергілікті бюджет есебінен салынып жатқан, қалалық емханаға баратын жаңа жолдың құрылысымен танысты. Ұзындығы 235 метрді құрайтын жол аудан тұрғындарының емханаға кептеліссіз келіп-кетуі мен жедел жәрдем көліктері кеңсесіне кедергісіз кіріп-шығуына мол мүмкіндік бермек. Арман Романұлы аудан тұрғындарына қолайлы орта жасау мақсатында жасалып жатқан жолдың құрылысын бақылап, мердігерлерге жол сапасына ұқыпты болуды тапсырды. Аталмыш жол тамыз айының соңында пайдаланылуға берілмек.