ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАСӨСПІРІМДЕР — ЖЕҢІМПАЗДАР

Ел болашағы жас ұрпағымыздың дүниежүзіндегі ең озық әдістермен, жан-жақты білім алып, ертеңгі күні заманауи мамандықтарды еркін меңгеріп бәсекеге қабілетті мемлекет құруға, оны қарқынды дамытуға үлес қосуы үшін жеткіншектердің денсаулығы мықты болып өсуі керек. Білгір болғанымен әлжуаз, аурушаң баладан ел болашағы шықпайтыны белгілі. Сондықтан да, мектеп оқушыларының шымыр да шыныққан, денсаулығы мықты болып өсуін қамтамасыз ету үшін республикамызда оқушылар арасында көптеген білім сайыстары өткізіліп отырады. Солардың бірі — «Ұлттық мектеп лигасы» республикалық деңгейде өтіп, аймақтық білім ордаларының оқушылары командалық спорт түрлерінен сынға түсіп, үздіктер анықталды.
Оқушылар арасындағы спорттан өткен жарыстардың республикалық кезеңі 5-6 сыныптар арасында Семей қаласында, 7-8 сыныптар арасында Астана қаласында, 9-11 сыныптар Қызылорда қаласында өтті. Әрқайсысына 100-ден астам оқушы қатысты.
Қазіргі таңда Семей қаласындағы 5-6 сыныптар арасындағы жарыстың қорытынды кезеңі бойынша Түркістан облысының оқушылары жалпы командалық есепте І орынды жеңіп алды.
2023-2024 оқу жылында облыста «Ұлттық мектеп лига» жарысы спорттың 10 түрінен өткізілді. Осы кезеңде 44 сайыс өтіп, оған 475 командадан 4244 оқушы қатысты. Оның 2005-і қыз, 2 239-ы ұл бала.
Ұлттық мектеп лигасын өткізу барысында 144 кубок, 1307 медаль сарапқа салынды. Оның ішінде 434 алтын, 444 күміс және 429 қола медаль әзірленген. Облысымызда Ұлттық мектеп лига жарыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өтуіне байланысты республикалық кезеңдерде түркістандық оқушылар топ бастап тұр.
Ал, 7-8 сыныптар арасындағы жарыс Астана қаласында өтті. Қоржында 2 алтын, 4 қола. Сонымен қатар шілде айының 7-31 аралығында Қызылорда қаласында 9-11 сыныптар арасындағы жарыста 6 алтын 3 күміс 1 қола медальдармен лиганы жалпы командалық есепте бірінші орынмен аяқтады.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық мектеп лига жарыстары жас ерекшеліктеріне қарай үш топ бойынша бойынша өткізіледі. Түркістан облысы төртінші жыл қатарынан республика бойынша жалпы командалық есепте 3 жас ерекшеліктері бойынша да 1-ші орында келе жатыр.
Жас ұрпақтың денсаулығын нығайтып, спортқа құмарлығын арттыратын шара — спорттың көптеген түрлерінен өтетін аймақтық, республикалық жарыстар.
12-16 тамыз күндері Теміртауда академиялық ескек есуден Қазақстанның командалық біріншілігі өтті. Тартысқа толы өткен сайыста чемпиондық кубокты Түркістан облысының құрамасы иеленді.
Жарысқа еліміздің 5 өңірінен ең мықты ескекшілер қатысты. Түркістандықтар бағдарлама түрлерінен 10 алтын, 6 күміс және 1 қола медаль олжалап, бұл бәсекеде де командалық бірінші орыннан көрініп, өңір мерейін асқақтатты.
Ал Астана командасы екінші орынды иеленді. Олардың қанжығасында 9 алтын, 5 күміс және 4 қола жүлде бар. Сондай-ақ үшінші орынды 1 алтын, 6 күміс және 7 қола медальмен Қарағанды облысының ескекшілері еншіледі.
Түркістан облысы құрамындағы чемпиондар қатарында Яковлев Владислав, Чернухин Иван, Галкин Владислав, Сапарқұл Еркежан, Волкодавова Валентина, Бекбембетов Қуаныш, Керімбек Әділет, Марчкова Елизавета, Лебедева Мария, Жакупова Мелани, Афанасьев Александр, Гладышева Мария, Тиляева Нурия
Кенес Роза сынды спортшылар бар.
Спортшыларды Иван Лукьянов, Александр Штепенко, Михаил Горбунов және Виктория Ли бастаған бапкерлер баптады.
Елімізде топ жарып, жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар – Денис Жәрменов басқаратын облыстық су спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері.