ӨНЕРІ МЕН МӘДЕНИЕТІ ӨРКЕНДЕГЕН ӨЛКЕ

0
82

Мемлекет ұлттық өнер мен мәдениетке ерекше көңіл бөлу, саланы бұқаралық сипатта дамыту арқылы халықтың рухын көтеріп, туған жерге, отанға сүйіспеншілігін арттыра түседі. Қазақтың Шәмшісінің әндерін тек қазақтар ғана емес қазақстандықтар да сүйсіне айтатыны белгілі. Сол Шәмшінің әндері кеңес кезеңінде халықтың қиын-қыстау кезеңдердегі рухын көтеруші болды. Мемлекеттің азаматтарының еңсесі биік, отаншыл болуы үшңн ұлт өнері мен мәдениетін дамыту барлық өңірлерде, оның ішінде қазақы қаймағы бұзылмаған Түркістан облысында айтарлықтай қолға алынған.
Сайрам ауданы, «Манкент» шипажайындағы демалыс орнында композитор, Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Гимнінің авторы Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай, «Шарықта Шәмші әндері!» атты келелі шара болып өтті.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов арнайы құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде, шырқау көгімізде жарты ғасырдан астам уақыт бойы қалықтап келе жатқан Шәмші әуендерінің өміршеңдігін алға тартты.
Ұлы композитордың есімін ұлықтай отырып, әуелеген әндерін көпшілікке кеңінен насихаттауға бағытталған шарада аудандық Құрманбек Жандарбеков атындағы мәдениет үйі өнерпаздары өз өнерлерін көрсетті.
Сондай-ақ шара барысында Қазақ Халық театры, «Ақсу» Халықтық фольклорлы ансамблі, эстрада әншілері, және «Самұрық» би тобы, жалпы 50-ге жуық өнерпаз Шәмшінің әндерін шырқады. Сондай-ақ, көрермендер назарына театрландырылған сахналық қойылымдар ұсынылды.
Еліміздің түпкір-түпкірінен шипажайға келген 400-ден астам демалушылар концерттік бағдарламаны тамашалап, көңілді кешке оң бағасын берді.
Жалпы, өнер мен мәдениетті дамытуға баса назар аударып отырған Түркістан облысында қазіргі таңда жалпы 11 мәдениет нысаны салынып, 6-на күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 мәдени нысанның құрылысы мен 6 клубқа күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев мәлімдеді.
«Облыс бойынша 704 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетеді. Оның 681-і аудан-қала әкімдіктеріне, 23-і мәдениет басқармасына қарасты. Одан бөлек, биыл 7 айда үш кәсіби театрда 183 спектакль қойылды. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде 150 концерт және мәдени шаралар өткізілді. Ал басқармаға қарасты «Оңтүстікфильм» мекемесінде 137 бейнеролик, 38 әлеуметтік және деректі бейнефильм дайындалды. Сонымен қатар, облыста қызмет көрсететін 24 музейге 225 472 адам келген. Соңғы жеті айда облыс кітапханаларында оқырмандар саны 279 646-ға жетті. Өңірде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Өнерлі өлке», «Voice of Turan» сынды мәдени іс-шаралар биыл да өз жалғасын таппақ. Жыл сайын дәстүрге айналған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі биылғы жылы да сәтті басталды»-деді басқарма басшысы.
Айта кетерлігі, қыркүйек айында Астана қаласында өтетін дүниежүзілік көшпенділер ойындарына облыс атынан тек спортшылар ғана емес, мәдениет майталмандары да өз өнерлерін көрсететін болады. Ал «Өнерлі өлке» облыстың аудандары арасында өтетін мәдениет пен өнер шарасында барлық аудандардағы өнерпаздар, мәдениет пен қлттық қолөнер, сурет, тағы басқа салалардың шеберлері өздерінің дарындарын облыс орталығының тұрғындары мен қонақтарына паш етеді. Сол арқылы өнер мен мәдениетті насихаттайды.