ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ БАСТЫ НАЗАРДА

0
72

Бүгінгі күннің басты мәселесі – жаңа оқу жылына білім беру мекемелерін толық дайындықпен әкелу екені белгілі. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аймақтағы жаңа оқу жылына даярлықты назарында ұстап отырса, әр өңір басшылары да бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, жұмыстың барысын жиі қадағалап отыр.
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өтті. Жиынның күн тәртібіндегі алғашқы баяндама жасаған қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ә.Әуелбеков. Бөлімнің 2024-2025 жылдағы оқу барысына дайындық жайы баяндалды.
Кентау қалалық білім бөлімі 3 бағыттағы құрылымнан және 30 мектеп, 32 мектепке дейінгі мекеме, 3 мектептен тыс мекемеден тұрады. 2023-2024 оқу жылында мектептердегі үлгерім пайызы – 100%, білім деңгейінің орта баллы – 4 балл, білім сапасы – 57,3% құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5% жоғары.
2023-2024 оқу жылында 43 оқушы облыстық пән олимпиадасына қатысып, 37 жүлделі орын иеленіп, 3 оқушы республикалық пән олимпиадасына қатысып, жүлдемен оралды. Былтырғы жылмен салыстырғанда 6,7 пайызға өскен, деді бөлім басшысы.
25 мектептің барлық сыртқы әжетханалары жабылып, ішке толықтай орналастырылған. Интернет желісімен толықтай қамтылған.
Сонымен қатар, мектептердегі материалдық-техникалық базаны нығайтуға 2024 жылы білім нысандарына химия – 5, физика – 5, STEM – 5, биология – 5, робототехника – 5 кабинеті берілген. Жалпы бөлімге қарасты 23 мектептің барлығы кітапханамен қамтамасыз етілген.
Мектеп кітапханаларын автоматтандыру мақсатында «Е-КІТАПХАНА» портфолиосы енгізілген. Сонымен қатар, Ә.Бөкейханов атындағы №23 мектеп, Ақын-тұма атындағы №11 мектеп базаларында «COWORKING» орталықтары ашылған. Биыл жаңа оқу жылында да балалардың білім деңгейін көтеру мақсатындағы жұмыстар жалғасатыны айтылды.
Қала әкімдігі аппаратының бас инспекторы — баспасөз хатшысы Ж.Әлімбаева ауыл әкімдіктері мен бөлім және мекемелердің әлеуметтік желідегі белсенділіктері мен тұрғындардан келіп түскен арыз-өтініштердің орындалуына жасалған сараптаманы баяндады.
Енді, ауыл әкімдері мен сала басшыларының жұмыс сапасын бағалауда әлеуметтік желідегі белсенділіктері де ескерілетін болады. Қала басшысы жасалынған мониторингі бойынша осылай деп тапсырма берді.
109 байланыс орталығының басшысы Ж.Қожахмет секторлардағы берілген тапсырмалардың орындалуы бойынша баяндады.
Қала басшысы әр баяндамашыны тыңдап, жұмысты жүйелендіруді, қала тұрғындарымен ұдайы кері байланыста болуды сала басшыларына тапсырды.
Сол сияқты, Кентау қалалық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен, орта арнаулы оқу орындары және қала тұрғындарының қатысуымен, “Мен таңдаған мамандық” тақырыбында мемлекеттік бағдарламалар жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Аталған жәрмеңкеде мемлекеттік бағдарламаларға кеңінен насихат жұмыстары жүргізілді. Әр колледж қызметкерлері түрлі мамандықтар бойынша қысқаша мағлұмат беріп, өздерінің туындысын жастар назарына ұсынды. Өйткені, орта білім алған әрбір жас мамандық таңдап, үлкен өмірге аяқ басады. Сондықтан да, жастар саясатына сәйкес олардың мамандық таңдауда қателеспеуі үшін арнайы шаралар жүргізіліп әртүрлі мамандықтар жайында таныстырылып, түсінік берілуі дұрыс әрекет.
Ендігі жерде мамандық алған адамның әлеуметтік жағдайы жақсы болуы үшңн еңбек етіп, шеберлігін арттыру арқылы табысын молайтқаны дұрыс. Қаржы жетіспейді екен, деп бірден несие, қарыз алып, талай жыл бойы оны еселеп өтеймін деп отбасын қиындыққа қалдыруы, ол азаматтардың өмірін мәнсіз етеді. Сондықтан да, биыл маусым айында Кентау қаласында басталған «Қарызсыз қоғам» жобасы қарқынды жалғасуда. Қазіргі уақытта жоба қалада және қалаға қарасты ауыл тұрғындарын оқыту жұмыстары іске асырылды. Іс-шараға 700-ге жуық адам қатысады деп жоспарлануда.
Бүгінгі таңда 476 адам оқуды аяқтады. Оларға біліктілікті арттыру курстарынан сәтті өткендерін растайтын сертификаттар мен арнайы буклеттер табыс етілді. Жоба қатысушыларға қаржылық сауаттылықтың маңызды аспектілерін үйренуге көмектесіп қана қоймайды, сонымен қатар ақша мәселелері мен шығындарға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға ықпал етеді.
Қарызсыз қоғам бағдарламасы қаржы менеджментінің негізгі принциптерін, соның ішінде бюджеттеуді, шығындарды жоспарлауды және үнемдеу дағдыларын үйренуге арналған. Курсты жүйелі түрде жүзеге асыру азаматтардың көп бөлігінің қаржы мәселесінде білімге қол жеткізуін қамтамасыз етеді, бұл өз кезегінде қоғамдастықты біріктіріп, оның экономикалық жағдайын нығайтады.