МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚОЛДАНУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ТҮСІНДІРМЕ ЖҮРГІЗІЛДІ

Қазақстан Республикасының егемендігін жариялағанына да отыз үш жылға жуықтады. Осы мерзім ішінде мемлекеттік тілдің мәртебесі айтарлықтай көтеріліп келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында республикамызда мемлекеттік тілді білетіндердің саны орыс тілін білетіндерден анағұрлым аз болды. Тіпті республиканы құрушы ұлт өкілдерінің арасында төрттен бірі мемлекеттік тілден мақұрым еді. Мемлекетімізде жүргізіліп келе жатқан сындарлы саясаттың арқасында бүгінде ел азаматтарының сексен пайызға жуығы мемлекеттік тілді меңгерді деуге болады. Оның ішінде көптеген этностардың өкілдері қазақ тілін еркін біледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік тілді енгізуде асығыстыққа, күштеуге, бұйрықпен жүзеге асыруға ұмтылудың қажеті жоқ. Мемлекеттік тілді күнделікті өмірде, барлық салада біртіндеп енгізу, түсіндіру, насихат жұмыстарын көбейту және күнделікті өмірде, тұрмыста қолданатын салалардан бастау тиімді» екендігін ескерткен болатын.
Бүгінде еліміздегідей Түркістан облысында да мемлекеттік тілді ендірудің, оның өз функциясын толық атқаруына көшіне жету үшін тұрақты да жоспарлы түрде жұмыс жүргізіліп келеді. Соның бірі сыртқы көрнекі ақпарат пен жарнаманың тілін жүйелеп, реттеу жұмыстарына мән берілуде. Өйткені қарапайым азаматтардың ең көп қарайтыны, елдің көз алдында тұратыны солар болғандықтан оларды мемлекеттік тілде әрі сауатты да мазмұнды етіп беру жұрттың сол арқылы да тілді үйренуіне, оған қызығушылығын арттыруға болады.
Таяуда Түркістан қаласы әкімінің 07.08.2024 жылғы қабылданған №50Ө өкімі негізінде Түркістан қаласы бойынша сыртқы жарнама мен көрнекі ақпаратты, жарнама тілін реттеу және жүйелеу мәселелері жөнінде үгіт-насихат жұмысшы тобының бас қосу жиналысы өтті. Аталған жиналысқа қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, қалалық ішкі саясат бөлімі, қалалық бизнесті қолдау және туризм бөлімі, Түркістан қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі, Түркістан қаласының әкімдігінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы», қалалық жастар ресурстық орталығы, Яссы м/а секторы, Бірлік м/а секторы, Шауғар м/а секторы, Сауран м/а секторы, Отырар м/а секторы қатысты.
Жұмысшы топ өз кезегінде Түркістан қаласы Әйтеке би көшесі бойындағы орналасқан «Эдем» отбасылық кешені, «Кәусар» шайханасы, автокөлік қызмет көрсету орталығы, Байбұрт көшесінде орналасқан «Rizo burger», «Diadora» шайханасында мемлекеттік тілде қызмет көрсету, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, ас мәзірі, баға көрсеткіштері, басқа да көрнекі ақпараттардың Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының талаптарына сәйкес жазылуы бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Осы ретте, орын алған кемшіліктерді жеке кәсіпкер иелеріне ескерту жасалып, белгіленген мерзімде ретке келтіруді ұсыным хаты берілді. Кемшіліктер орындалмаған жағдайда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» №235-V Кодексінің 75 бабының 3 тармағына сәйкес деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру жөніндегі талаптарды бұзу — ескерту жасаумен немесе жиырма бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатынын ескертілді.
Құрметті қала жанашырлары мен нысан кәсіпкерлері! Ел тәуелсіздігі — тіл тәуелсіздігі. Тіл — ұлттың төлқұжаты, мемлекеттің тұғыры. Мемлекеттік тіліміздің абыройын, сауатты жазылуын назарларыңызға ұстауларыңызды сұраймыз.