БІРТУАР ДАРЫННЫҢ ТУҒАН КҮНІ ОТЫРАРДА ТОЙЛАНДЫ

Жер шарындағы жүздеген мемлекеттердің арасында шоқтығы биік, тек экономикалық, әлеуметтік жағынан ғана емес мәдениеті мен руханияты жағынан да дамыған елдер бәсекеге барлық жағынан төтеп беретін мемлекеттердің қатарынан орын алады. Өйткені, ұлттық өнер мен мәдениет мемлекеттік идеологияның негізі болғандықтан содан сусындап өскен ұрпақ туған елі үшін көп іс тындыра алатын болады. Қазақ елінің, қазақ ұлтының рухын көтеріп, еңсесін тіктеп, отаншылдық сезімін шыңдаған біртуар дарын иесі, вальс королі, халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың әндері сондай ұрпақтан ұрпаққа жетіп, мемлекетіміздің баянды болашағын қалыптастырудың құралына айналған шығармалар.
15 — тамыз жерлесіміз, Қазақстанның халық әртісі, композитор, қазақ мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Сазгердің туған күніне орай еліміздің барлық өңірлерінде, оның ішінде Түркістан облысында да түрлі іс-шаралар өтуде. Отырар ауданында композитордың жерлестері атаулы күнді Шәмші саябағында атап өтуді дәстүрге айналдырған. Биыл да қазақ даласын әнмен тербеткен ұлы сазгер Ш.Қалдаяқовтың 94 жылдығына арналған салтанатты шара сазгердің туған жерінде кең көлемде аталып өтті.
Сазгердің балалық шағы өткен ауылдағы іс-шара еңселі ескерткішке гүл шоғын қою рәсімімен басталды. Жиынға келген қадірлі қонақтармен бірге аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы сазгердің қарындасы Райхан Қалдаяққызымен бірге ескерткішке гүл шоғын қойды.
Тағылымды шараға келген көпшілік мұнан соң сазгердің шығармашылығы мен өміріне арналған кітап көрмесі мен сурет көрмесін тамашалап, Шәмші музей үйімен танысты. Шәмші музей үйі 2020 жылы ұлы сазгердің туғанына 90 жыл толуына орай ауыл азаматтарының демеушілігімен салынған. Музейде Қазақ вальсінің патшасы Шәмші атамыздың тіршілігінде қолданған заттары,киген киімдері, ән-жинақ кітаптары, отбасылық және жеке суреттері орын алған. Сондай-ақ Шәмшінің әкесі, темір ұстасы — Қалдаяқ шебердің де жасаған бұйымдары мен жеке құжаттары сақталған. Жалпы музей қорында әйгілі тұлғаның өмірінен сыр шертетін 100 ден аса экспонат бар.
Музей үйіндегі әрбір құнды жәдігермен қызыға, құмарта танысқан жұртшылықты сәтті ұйымдастырылған шара ерекше тебірентіп, айрықша әсер сыйлады.
Шәмші ауылында ән падишасы Ш.Қалдаяқовтың туған күніне орай өткен «Әнім сен едің» атты гала концертте сахна шымылдығы Шәмші ағамыздың өмірінен алынған, театрландырылған көрініспен ашылып, «Отырардағы той» әнімен жалғасын тапты.
Есімін әрқашан мақтаныш ете беретін ән әлемі падишасының кешінде сазгердің сыршыл да әсерлі, нәзік иірімдермен өрілген әндері әуелете шырқалып, Ш.Қалдаяқов ауылының кешкі аспанын әнмен тербетіп тұрғандай болды.
Әуезді кеште аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары мен елімізге белгілі әншілер ұлы сазгердің шығармаларын нақышына келтіре орындап, көрерменнің қошеметіне бөленді.
Салтанатты шарада аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов және сазгердің қарындасы Райхан Қалдаяққызы жанға жайлы кешкі тынық ауаны рахаттана жұтып, әсерлі кештен мол рухани нәр алған көпшілікке ізгі тілегін арнап, сазгердің әндерін насихаттап жүрген өнер жұлдыздарына алғысын айтты.
Аудан басшысы өз сөзінде: «Бүгінде кез келген ұлттың бәсекеге қабілеттілігі мен даму деңгейі оның әлем мәдениеті мен өркениетіне қосқан үлесі және адамзатқа сыйлаған ардақты тұлғаларымен өлшенеді. Міне, осы тұрғыдан алғанда қазақ даласын әнімен тербеткен ұлы тұлға Шәмші Қалдаяқов қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Әйгілі сазгердің бізге, өскелең ұрпаққа қалдырған өнер мұрасы — халқымыздың рухани байлығы. Оның патриоттық әндері әлі талай ұрпақтың патриоттық сезімін шыңдайтынына сеніміміз мол», — деді.
Мұнан соң аудандық мәслихат төрағасы Шәмші әндері келер ғасырға өзінің мәнімен, әсерімен жетіп, жыл өткен сайын жаңғырта берері сөзсіз екенін айта келе, оның халқымыздың рухани өмірі мен музыкалық мәдениетіндегі орны туралы айтып өтті.
Шарада аудан әкімі мен мәслихат төрағасы сазгердің қарындасы Райхан Қалдаяққызының иығына зерлі шапан жауып, құрмет көрсетті.
Одан әрі ұлы сазгердің жүректі тебірентетін әуезді әндері шырқалып, маңызы зор мазмұнды іс-шарадан көпшілік мол рухани нәр алды. Жан тебірентерлік тағылымы мол рухани кеште ерекше көңіл-күйге бөленген ән сүйер қауым ұмытылмас сәттерді қимай тарасты.