ЫНТЫМАҚТА ӨТКЕН ЖИЫН ЕЛ ЫНТЫМАҒЫН НЫҒАЙТУҒА АРНАЛДЫ

0
81

Мемлекеттің қалыпты жағдайда әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуы қоғамдық-саяси, этносаралық татулық пен адамдардың әлеуметтік жағдайына, жұмыспен қамтылуы мен жастардың білім алу, жұмыспен қамтылуы жағдайларына да байланысты. Сонымен бірге билік пен қоғамдық ұйымдардың, жергілікті тұрғындардың өзара тығыз байланыста, түсіністікпен жұмыс жасауына да байланысты. Түркістан облысының әкімінің тапсырмасына сәйкес бұл салалар өңірлердің басшыларының назарынан тыс қалмайды. Қала, аудандарда жергілікті әкімдіктер жыл бойы жоспарларына сәйкес жергілікті тұрғындармен жоғарыдағы мәселелерді жиі талқылап, ортаға салып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, туындаған мәселені бірлесе талқылау үшін басқосу жиындарын өткізіп отырады.
Таяуда Төлеби ауданындағы Бірінші Мамыр ауылдық округі Ынтымақ елді мекенінде «Этносаралық келісім – ел бірлігінің кепілі» атты аудан аумағындағы этносаралық келісім мен ынтымақтастықты, достық қарым-қатынасты нығайту және мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру мақсатында кездесу өтті. «Тұрғыт Озал» мешітінде өткен басқосуға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жұман Абдиев, Бірінші Мамыр ауылдық округінің әкімі Бакытбек Маусунбеков, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Мақсат Сейдуалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев, аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Бұқар Оралбеков, аудандық «Қоғамдың келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Есімхан Айтжанов, үкіметтік емес ұйымдар мен этно-мәдени орталық төрағалары, ауыл ақсақалдары мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Аталған тақырып аясында ауданның бас имамы Үсен Саурбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Мақсат Сейдуалиев және ауыл ақсақалдары сөз сөйлеп, көпшілікті бірлік пен ынтымаққа шақырды. Кездесу барысында этносаралық келісім мен ынтымақтастық, достық қарым-қатынасты нығайту мәселелері кеңінен қозғалды.
Күн тәртібіне сәйкес аудандық «Қоғамдың келісім» КММ-нің басшысы Есімхан Айтжанов этносаралық келісім тақырыбында баяндама жасады. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асхат Раимбеков ауылшаруашылық саласындағы мемлекеттік қолдаулар туралы айтып өтті. Сонымен қатар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Батырхан Сахов бөлім тарапынан көрсетілетін қызметтер жөнінде хабарлады. «Төлеби аудандық мансап орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Хайырғали Әміртаев қысқа мерзімді кәсіптік оқу, әлеуметтік жұмыс орны, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар, мемлекеттік грант бағдарламалары бойынша түсіндірді. Сондай-ақ аудандық тілдерді оқыту және дамыту орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ақнұр Жақыпова аудандағы жарнама, көрнекі ақпараттың жай-күйі жайында баяндады. «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Беглан Мақұлбек жастарды жұмыспен қамту, оқу гранттары, жаңа бизнес идеялар туралы хабарландыру жасады.
Еркін форматта өткен кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді айтып, ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, сұрақтарын қойды. Жергілікті билік өкілдері ол мәселелерді назарына алып, тиістілеріне сол жерде жауап беріп, қатысушы қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдар да өз салаларына қатысты мәселелерге пікірлерін білдіріп, жиынға қатысушылар қандай мәселе туындаса да осылай бірлесе отырып ынтымақпен шешудің қажеттігін айтты.