МАҚСАТ – КӘСІПКЕРГЕ ӨНІМІН ЭКСПОРТҚА ШЫҒАРУҒА КӨМЕКТЕСУ

«Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын жүзеге асыру мақсатында мемлекет тарапынан өңірлердегі тұрғындарды жұмыспен қамту, оның ішінде өздерінің жеке кәсібін ашуына көмектесу, шағын бизнесін қалай жүргізіп, қалай табысқа жетудің жолдарын үйрету арқылы отандық өнімдерді өндіруге ұмтылысты тудыруды жүзеге асыру қолға алынуда. Түркістан облысында халықтың саны көп болғандықтан, ауа райының жайлылығы мен тұрғындардың кез келген кәсіпке бейімділігінен өңірде мемлекеттік жобалар мен бағдарламалар арқылы жұмысқа тұрып, жеке кәсібін ашып, шағын кәсіпкерлігін табысты ұлғайтып жатқан азаматтар аз емес. Олардың қатары жыл сайын өсіп келеді.
Облыстық кәсіпкерлікті дамыту, отандық өнімді өндіру, жұмыспен қамту салаларына жауапты бөлімдер халықпен жоспарлы түрде жұмыс жасап, олардың жұмысты жақсы істеп қана қоймай өндірген өнімдерінің сапсын көтеруіне, бәсекеге қабілетті болуына талпынуына ықпал етуде. «Мен Кәсіпкермін» кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында ұйымдастырылған бұл көрме-жәрмеңкеге қатысушы кәсіпкерлердің бірқатары ең алғаш мемлекеттік бағдарламалар негізінде Кәсіпкерлікті дамыту және Жұмыспен қамту орталықтарында бизнес бастауы мен кәсіпкерлік әліппесін үйреніп, жеке кәсіпті қалай жоспарлаудан, неден бастап, қалай жүргізуге дейінгі жолдарды оқып-үйренген. Олар түрлі қаржылық және өзге қолдау мен жағдай жасаулардың нәтижесінде бүгінде өз кәсібін шебер меңгеріп, бизнесін дөңгелентіп жүрген жандар. Әрі кәсіпкердің көрмеге қатысудағы мақсаты өнімін насихаттаумен бірге танымалдығын арттырып, шаруашылығын кеңейте түсу.
Таяуда Түркістан қаласы Ясауи кесенесі маңындағы Этноауыл кешенінде облыстың 40-қа жуық кәсіпкері өз өнімін көпшілік назарына ұсынып, өзара мықтыны анықтады. Басты талап — өнім жергілікті шикізаттан өндірілуі және де сақтау мерзімі 5 күннен кем болмауы тиіс. Бұл көрме-жәрмеңке түріндегі іс-шараның Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келуші туристердің де назарын аудару үшін этноауыл кешенінде өткізілуімен қатар, саяхаттап келушілерге еліміздің, ұлтымыздың қолөнері мен гастрономиялық ерекшеліктерін де көрсету болды. Отандық тауар өндірушілер өздерінің жасаған бұйымдары мен пісірген, дайындаған ұлттық тағам түрлерінің ерекшеліктерін сақтай отырып, туристердің қызығушылығын тудыруды мақсат еткендіктен өнімдер ұлттық реңкке толы әрі тартымды болды. Құрт, ірімшік, бал мен кептірілген жеміс-жидектер, сүт өнімдері мен жартылай фабрикаттар дәмін татушылардың тілін үйіріп аңсарын аудырды. Өйткені, ұсынған тауары неғұрлым сапалы болып, көрмеге келушілердің көңілінен шығар болса ол кәсіпкердің жұлдызы жанары белгілі. Өніміне сұраныс артуымен қатар, оның өнімінің танымалдығы артады, шаруашылығын кеңейтіп, отандық өнім өндірудің көлемін арттыруға кіріседі.
Көрмеде қолөнер шеберлерінің өнімдерімен қатар, бал, құрт, кептірілген жеміс-жидектер, сүт пен кондитерлік өнімдер, жартылай фабрикаттар, сабын және тағы басқа тауарлар қойылды. Арнайы құрылған комиссия мүшелері отандық тауар өндірушілердің өнімдерін бағалап, үздіктерді анықтады. Өңірдің туризм саласын, көне салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарды дамыту және ұлттық ойындарды жаңғырту мақсатында өткен іс-шарада қолөнер шеберлерінің туындылары қойылып, шеберлік сабақтары өтті. Одан өзге, ұлттық ойындарды ұмыт қалдырмау мақсатында қол күрес, гір көтеру, арқан тартыс және қой көтеруден жарыстар өтіп, жеңімпаздар түрлі сыйлықтарға ие болды.
Көрме-жәрмеңке «Мен Кәсіпкермін» кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында ұйымдастырылды. Іс-шара мақсаты — кәсіпкерлерге өз өнімдерін экспортқа шығаруға көмектесу. Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Әуелбековтің айтуынша, ең мықты 3 кәсіп иесі аймақ атынан республикалық көрмеге қатысуға мүмкіндік алады.