ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАНУДА

0
53

Мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – қазақстандықтарды әлеуметтік жағынан барлық қажеттерімен қамтамасыз ету. Соның ішінде ең өзектісі – ел азаматтарын баспанамен қамтамасыз ету болғандықтан, осы міндетті жүзеге асыру үшін бірнеше бағдарламалар қабылдап, өңірлерде баспана құрылысының қарқынын асырып, олардан азаматтардың әртүрлі топтарының, әсіресе, кедей, көпбалалы отбасылар, жастар баспананы жеңілдікпен алуы да қарастырылды. Халқының саны ең көп аймақ ретінде Түркістан облысында тұрғын үй құрылысына жауапкершілікпен қарап, үнемі назарда ұстауды, сапасын бақылауды облыс әкімі де жауаптыларға міндеттеген.
Түркістан облысында биыл жалпы 224 тұрғын үй (2 469 пәтер) құрылысы жүргізіліп жатыр. Олардың басым бөлігі — көпқабатты тұрғын үйлер. Құрылыс сапасы — басты назарда.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров облыстық құрылыс басқармасы мамандарымен Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтарал, Шардара аудандарында бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердің жұмыс барысын қадағалап, аудан әкімдіктерінің жауапты қызметкерлері мен медігер мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді. Құрылыстың сапасына басты назар аударып, тұрғын үйлердің сейсмоқауіпсіздігінің сақталуына қатаң бақылау жүргізуді тапсырды. Бастысы – құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес аяқталуы тиіс. Құрылыс қарқынын бәсеңдетпеуді ескертті.
Сондай-ақ, жас ұрпақтың сапалы білім алуын қамтамасыз ету мақсатында да түрлі жоба, бағдарламалар қабылданған. Олардың негізгі мақсаты — өңірлердегі үш ауысымды, ескірген мектептердің орнына заман талаптарына жауап бере алатын, оқушылардың білім алуына жайлы да толық жабдықталған мектептер салу.
«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында жалпы 63 мектептің құрылысы жоспарланған. Оның ішінде биыл 29 мектеп, 2025 жылы 34 мектеп пайдалануға берілмек. Облыс әкімінің орынбасары Отырар, Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтарал, Шардара аудандарында салынып жатқан білім беру нысандарының құрылыс барысымен танысты. Туындаған өзекті мәселелердің шешімін қарастыру мақсатында «Самұрық Қазына Констракшн» акционерлік қоғамының, мердігер мекемелердің, техникалық және авторлық қадағалау мекемелерінің өкілдерімен нысандарды аралап көрді. Құрылысқа жауаптылардың жұмыстарына жанашырлықпен қарап, тапсыру мерзімі белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асыруды тапсырды. Олардың арасындағы биылғы оқу жылында пайдалануға тапсырылатын білім ордаларының мерзімінде, сапалы, барлық талаптарға сай салынып бітуін ерекше қадағалау қажеттігін ескертті.
Қазақстандықтардың денсаулығын сақтау бойынша да мемлекет тарапынан тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Әсіресе, пандемия кезінде денсаулық сақтау саласындағы көптеген проблемалардың беті ашылғаны белгілі. Мемлекет басшысы соларды мүмкіндігінше тездетіп жөндеп, заманауи талаптарға сай етуді, әсіресе, ауылдықтардың денсаулығын сақтау бағытында жаңа серпіліс керектігін айтқан болатын.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы қабылданған еді. Сол жобаның аясында облыс көлемінде 49 медициналық – санитариялық алғашқы көмек көрсету нысандарының құрылысы жоспарланған. Құрылыс барысы қатаң бақылауда. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Оралбайұлы Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтарал, Шардара аудандарында салынып жатқан денсаулық сақтау нысандарының құрылыс барысымен танысты. Туындаған өзекті мәселелердің шешімін қарастыру мақсатында мердігер мекемелер, техникалық және авторлық қадағалау мекемелерінің өкілдерімен бірге құрылыс алаңдарында болып, тиісті тапсырмалар берді. Жаңа медициналық нысандарды желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарлануда.