КЕНТАУДА БИЫЛҒЫ АЛҒАШҚЫ ҮШЕМ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ

Байтақ жерімізде халықтың санының аздығы мемлекеттің құлашын кең сермеп дамуына тежеу болуда. Сондықтан да мемлекетіміз демографиялық саясатта бала тууға ынталандыру, шығандап кеткен қлтымыздың өкілдерін туған жерге қайта көшіріп әкелу бағытында көптеген шараларды жүзеге асыруда. Солардың ішінде ана мен баланы қорғау, бала туған аналарға төлемақы мен жеңілдіктер жасау бойынша да бағдарламалар мен үкіметтік шешімдер қабылданып жұмыс жасалуда. Халық саны ең көп аймақтың бірінде қазақи дістүрдің қаймағы бұзылмағандықтан бала тууда шектеу де аз. Сондықтан да Түркістан облысы елімізде туылған балалардың жиырма пайызынан астамын дүниеге әкелуші аймақ болып саналады. Облыста үшемдер мен егіздер де басқа өңірлермен салыстырғанда анағұрлым көп туылуда.
Күні кеше ғана Кентау қаласы, Хантағы ауылының тұрғыны, Бақыткүл Саттархан үшемді дүниеге әкелді. Үшемдердің екеуі ұл, біреуі — қыз. Оларға Бағым, Аңсар, Аслан есімдері қойылды. Айта кетейік, үшемдер мерзімінен бұрын, жүктіліктің 29 аптасында дүниеге келген. Сәбилер 1.480, 1.380, 1.280 грамм салмақта дүние есігін ашты.
Бүгінде нәрестелер 2 айға жуық тексеру, күтіп-баптау жұмыстары бойынша дәрігерлердің бақылауында. Сондай-ақ, ана мен балалардың жағдайы бірқалыпты. 28 жастағы Бақытгүл Саттарханның айтуынша, ол тұңыш баласын 6 жыл күткен. Енді араға бір жыл салып үшемдер туылған. Бүгінде Ермахановтар отбасында үлкен қуаныш.
Қала әкімінің орынбасары, Ақнұр Байболова үшемдердің шаңырағына барып, қала әкімінің құттықтауын жеткізіп, сәбилерге арналған сыйлықтарын табыстады.
Жалпы жыл басынан бері Кентау қаласында 765 сәби дүниеге келген. Оның 18-і егіздер болса, үшемді дүниеге әкелген бір ана.