ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

0
66

Мемлекет басшысы халықтың жайлы өмір сүруі мен әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын үнемі жақсартып отыруды тапсырғандықтан да жергілікті атқару органдары жыл онекі ай бойында өз аймақтарының тұрғындарының жағдайын жақсарту шараларын жасап отырады. Биылғы қысқы маусымдағы жылу мәселесін алдын ала толық шешу үшін барлық жұмыстар жаздың басында-ақ қызу қолға алынған болатын.

«Қыстың қамын жазда ойла» дегендей тұрғындар мен әлеуметтік нысандарды көмірмен қамту жұмыстары Түркістан облысында жаз кезінен бастап қолға алынды. Алдағы жылыту маусымына халық ерте қамдануы үшін қажетті қатты отын қоры жинақталған. Әлеуметтік нысандардың қысқы қор жинау жұмысы қарқынды. Алайда тұрғындар мен жылыжай иелері тарапынан белсенділік байқалмайды. Облыстың 2024-2025 жылдарға жылу маусымына дайындық және көмірмен қамту барысы туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды.

Алдағы жылыту маусымына қажетті көмір көлемі – 700,9 мың тонна. Осы күнге дейін қамтылғаны – 157 мың тонна. Өңірде 23 теміржол тұйығы бар. 23 өңірлік операторлар қызмет көрсетеді. Білім, денсаулық, мәдениет, спорт салаларындағы бюджеттік мекемелер қажетті қатты отын қорын жинақтауда. Тұрғындар қажеттілігі – 318,1 мың тонна, жылыжайлар қажеттілігі – 282,9 мың тонна.

«Шұбаркөл Көмір» акционерлік қоғамы мен Түркістан облысының жылыжай шаруашылықтары арасында 150 мың тонна қатты отын жеткізуге тікелей келісімшарт жасалған. Бұл келісім Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері, Түркістан облысы әкімдігі, жылыжай шаруашылықтары, көмір жеткізу жөніндегі өңірлік операторлар, көмір кәсіпорындары және «Қазақстан ТемірЖолы» ҰК» акционерлік қоғамының өкілдерімен бірнеше рет жүргізілген келіссөздер нәтижесінде қол жеткізілді.

Жеткізу 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталды. Жылыжай иелері осы күнге дейін 100 000 тонна тасымалдау қажет болған. Алайда тасымалданбаған. Бұл туралы мәжілісте облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов мәлімдеді. Өндірушінің өзінен тікелей өнім алатын өңірлік операторлар халықпен тікелей жұмыс істеп жатыр. Көмір сатылымы ерте басталғанымен, халық тарапынан да белсенділік болмай тұр. Қысқа ерте қамдануды халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Облыс әкімі барлық жауапты басшылар мен аудан, қала әкімдеріне бұл бағыттағы жұмыстарды ширатуды тапсырды.

Ал, Кентау қаласында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Шара аясында журналистер 90 жылдық тарихы бар «Кентау-сервис» Жылу энергия орталығындағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Кәсіпорын 1934 жылы құрылып, қондырғылар 1952 жылы орнатылған. Жалпы орталықта 8 қазандық бар. Қазіргі таңда оның алтауы – күрделі жөндеуден, екеуі – ағымдағы жөндеуден өтіп жатыр. Биыл жылыту маусымында 4 қазандық толық іске қосылса, ал қалған 4 қазандық резервтік күйде болады. Бұл туралы орталықтың бас инженері Мұхтар Мұхитдинов мәлімдеді.

Сондай-ақ, Кентау қаласындағы тозығы жеткен 6,6 шақырым магистралдық жылу жүйелері мен 4 кері сорғы станцияларын қайта құру жұмыстары жүруде. Сонымен қатар, жылу орталығын басқару станциясы заманауи технологиялармен толық автоматтандырылып жатыр. Жалпы жөндеу жұмыстарына 220 адам жұмылдырылған. Тозығы жеткен магистралды жылу жүйелерін жаңалаудың маңыздылығы жаңғыртылған магистралдарда апаттық жағдай орын алмай, жылу ысыраптығына жол берілмейді.

Айта кетсек, қалада орталықтандырылған жылу жүйесіне 14 мыңға жуық абонент қосылған. Оның ішінде, бюджеттік мекемелер саны — 108, жеке секторлы тұрғын үйлер саны – 2 295, көпқабатты тұрғын үйлер саны — 347, коммерциялық нысандар саны — 441.  Осы орталықтандырылған жылу жүйесінің абономенттері жөндеу жұмыстары сапалы жүргізілсе қысқы маусымда алаңсыз өмір сүріп, сапалы жылумен қамтылмақ.