ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫН ЕЛЕКТЕН ӨТКІЗДІ

0
56

Мемлекеттің басты байлығы адам денсаулығын сақтау бойынша елімізде көптеген бағдарламалар бойынша азаматтардың денсаулығын жақсарту, түрлі аурулардан сақтандырып, алдын алу шаралары үздіксіз жүргізіліп келеді. Оның ішінде ана мен бала денсаулығын қорғау, медициналық сақтандыру жүйесі арқылы тегін ем қабылдау, ардагерлердің денсаулығы мен белсенді өмір сүруіне жағдай жасау да қолға алынған.
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау бірінші вице-министрі, Тимур Сұлтанғазиев Түркістан облысына жасаған сапары барысында өңірдегі медициналық ұйымдарды аралап, алқа отырысын өткізді.
Мәжілісте вице министр ана мен бала денсаулығын қорғау, тыныс алу, ас қорыту ағзалары және нерв жүйесі ауруларынан болатын өлім көрсеткіштеріне тоқталып, медициналық көмектің сапасын жақсарту жайын алға тартты. Сондай-ақ арыз шағымдарға талдау жасалды.
Жиында Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, Асхан Байдувалиев медициналық-техникалық жарақтандыру, дәрімен қамтамасыз ету, ұйымдардағы жөндеу жұмыстары, жоспардағы ірі медициналық жобалар, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасына тоқталды.
Сапар барысында вице-министр Түркістан қалалық емханасына арнайы барып, егу кабинеттерінің жұмыс барысын бақылады.
Сол сияқты қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Күн тәртібінде денсаулық саласы бойынша бірқатар мәселелер талқыланып, атқарылған жұмыстардың баяндамасы тыңдалды.
Алдымен «МӘМС жүйесі» туралы әлеуметтік сақтандыру қоры КЕАҚ Түркістан облысы бойынша директоры Бақыт Исмаханбетов баяндады.
— Түркістан қаласы тұрғындарының 83%-ы МӘМС жүйесінде сақтандырылған болса, медициналық сақтандырылмаған азаматтар 17%-ды құрап отыр. МӘМС жүйесінде сақтандырылғандар медициналық көмектің кеңейтілген спектріне ие бола алады. МӘМС арқылы азаматтар профилактикалық медициналық тексеруден өтіп, учаскелік дәрігердің нұсқауы бойынша арнайы маманданған дәрігердің қабылдауына кіре алады. Сондай-ақ, созылмалы дертке шалдыққан жандар бейінді мамандардың бақылауында болады. Азаматтар стоматологиялық көмек, диагностикалық қызметтер, оның ішінде лабораториялық диагностика, стационарлық медициналық көмек, медициналық оңалту сияқты медициналық қызметпен қамтылады, — деді Бақыт Торғайбайұлы.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Адам папиллома вирусына (АПВ)» қарсы вакцина бойынша қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Шарифа Имантаева есеп берді.
— Адам папиллома вирусы – дененің әртүрлі бөліктерінің терісі мен шырышты қабығына әсер ететін вирустар тобы. Оның 200-ден астам түрі бар және оның 14 түрінде онкологияның даму қаупі жоғары. Адам папиллома вирусынан вакцина алу арқылы алдын алуға болатын онкологиялық ауру — жатыр мойны обыры. 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер арасында жиі кездеседі. Жыл сайын 1900-ден астам науқас тіркеледі. Емдеу жолы жоқ бұл дерттің алдын-алудың жолы вакцинациялау, — деді Шарифа Омарәліқызы.
Сондай-ақ, жиында жауапты сала өкілі екпе салу бойынша атқарылатын жұмыстарды баяндады.
Түркістан қалалық «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» мен «Тең қоғам орталығының» қызмет алушылары Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелеріне зиярат етіп, тарихи тұлғалардың рухына Құран бағыштады. «Керуен-Сарай» туристік кешенін қайықпен аралап, «Ұлы дала елі» орталығындағы мұражаймен, ондағы фольклорлық-этнографиялық эскпозициялармен танысты. Саяхат Отырар қалашығы мен табиғат аясында жалғасып, белсенді зейнеткерлер демалысты ұйымдастырған орталық мамандарына ризашылықтарын білдірді.
Түркістандағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» – 2022 жылдан бастап зейнеткерлерге қызмет көрсетеді. Жылына 3 мыңға жуық азаматты қабылдап, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық секілді 7 бағыт бойынша көмек береді. Егде жастағы ата-әжелер мұнда қолөнер және спортпен шұғылданады.
«Тең қоғам орталығы» – 2021 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі және зейнет жасындағы азаматтарға қызмет етіп келеді. Жылына 700-ден аса азаматқа құқықтық және психологиялық кеңес беріп, кәсіпке баулу, қажетті құралдармен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру сияқты мәселерін шешуге атсалысады.