СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСКЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ

0
52

Түркістан облысында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және алдын алу» үлгілі базалық бағыттың төртінші блогы іске асырылуда. Кеше осы орайда облыс әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұловтың төрағалығымен «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау» тақырыбында жиналыс өтті.
Аталған жиналысқа ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасы басшысының орынбасары Сәбит Әсілбек, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің маманы, басқарма басшылары мен өкілдері, салалық бөлімдердің басшылары қатысты.
– Мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі – сыбайлас жемқорлықпен күресу. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында жұмыстар өз деңгейінде жүргізілмейді. Әсіресе жергілікті әкімдіктер тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы сын көтермейді. Аналитика жоқ деуге болады. Екі апта уақыт ішінде табылмай қалған, табылса да болмауы мүмкін деп қайтарылған, әдейі жасырылған тәуекелдерді анықтаңыздар. Қажет болса, барлық жұмыс күшін жұмылдырамыз. Негізгі мақсатымыз – мемлекеттік қызметтің жұмысын оңтайландыру, – деген аппарат басшысы хаттама әзірлеуді тапсырды.
Облыс әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Бахытбек Хасанов баяндама жасап, облыстық басқармалар мен аудан, қала әкімдіктерінде, квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жоспарлы түрде мониторинг жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Ішкі талдау нәтижелері бойынша жалпы 700-ден астам сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталған.
«Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Қасиет Қыдырбай ішкі талдау жұмыстарын жүргізу барысында туындайтын проблемалық мәселелерді атап өтті. Кейбірі анықтаманы кешіктіріп, тиісті құжаттарды мерзімінде ұсынбаған.