ЗАМАНАУИ БІЛІМ БЕРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ САРАПҚА САЛЫНДЫ

0
72

Мемлекеттік білім беру саясатын жетілдіру бойынша үкіметтің бекітіп, алға қойған міндеттерін орындау жолында Түркістан облысында да елеулі жұмыстар атқарылуда. Ол әр қала, аудандарды өтіп жатқан педагогтардың Тамыз кеңесінен де көрінуде.
Бүгін Ордабасы ауданда білім беру саласы қызметкерлерінің «DIGITAL KAZAKHSTAN: заманауи білім беру» тақырыбында аудандық тамыз педагогикалық кеңесі өтті.
Кеңес жиынына аудан әкімі Азат Әбдіғаниұлы, аудандық мәслихат төрағасы Джумабеков Бақдәулет, Түркістан облысы білім басқармасының бас маманы Досболова Әлия, ОҚМПУ проректоры, ғылым кандидаты, профессор, ҚР «Болашақ» степендиясының иегері, Исабек Баршагүл, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы директорының орынбасары Ақтаев Мұқтар, аудандағы білім беру мекемелерінің басшылары, педагогтар, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, балабақша меңгерушілері және БАҚ өкілдері қатысты.
Алқалы жиынға келген көпшілік алдымен білім беру ұйымдарының жетістіктері мен жасанды интеллект бойынша оқушы мен мұғалімдердің жұмыстарымен танысты. Жиналған қауым алдында алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімі Азат Әбдіғаниұлы, ұлағатты ұстаздар қауымын аудандық тамыз педагогикалық кеңесінің ашылуымен және жаңа оқу жылымен құттықтады.
Содан соң аудандық білім бөлімі басшысы Нұрабаева Шұға Тұрмағанбетқызы баяндама жасап, 2023-2024 оқу жылындағы білім саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы атап өтті.
Кеңесте ауданның білім саласындағы жемісті еңбектері үшін үздік ұстаздар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ы.Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасының алғыс хаттарымен марапатталды.
Заманауи білім беру – әлемдік деңгейдегі өзекті мәселе. Осы мәселеге арналған басқосулардың бірі – төлебилік ұстаздардың биылғы тамыз кеңесі.
Ленгір қаласындағы мәдениет үйінде өткен аталмыш басқосуда Төлеби ауданының білім саласында өткен оқу жылында жүзеге асқан жұмыстар, қол жеткізілген жетістіктер туралы тартымды бейнеролик көрсетілді. Ал, бірінші болып сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бекайдар Тойлыбаев тамыз кеңесіне қатысушылармен таныстырған соң мінберден аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев сөз сөйледі.
Көпшілік Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың бейнеқұттықтауын тамашалағаннан кейін білім бөлімінің басшысы Бекайдар Адамбекұлы 2023-2024 оқу жылында атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы мазмұнды баяндама оқыды. Тамыз кеңесі мінберінен Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, академик Асқарбек Құсайынов, облыстық білім басқармасының бас маманы Әлия Биболова, ардагер ұстаздар атынан Полатбай Аюбаев та сөз сөйледі.
Жиын соңында білім саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан, өткен оқу жылында айтарлықтар жетістіктерге жеткен бірқатар шығармашыл ұстаздарға министрліктің, облыстық әкімдіктің, білім басқармасының, аудандық әкімдіктің, білім бөлімінің марапаты табыс етілді. Сондай -ақ тамыз кеңесіне орай «Әр мектеп – табысты мектеп» атты қызықты көрме ұйымдастырылды.
Жетісай қаласында да ағымдағы жылдың 29 тамыз күні тамыз педагогикалық кеңесі өтті. Салтанатты жиын аясында қолөнер туындылары көрмесі ұйымдастырылды. Жасанды интелект, робототехника, LED экранда тақырыптық бейнероликтер инновациялық мұғалімдерге арналған технологиялық жетістіктермен таныстырылым жасалды.
Мерекелік шара шеңберінде Жетісай ауданының әкімінің орынбасары Серік Примбеков және бөлім басшысы міндетін уақытша атқарушы Шоқан Адайбеков, әдістемелік кабинет меңгерушісі Разия Исаевалар таныстырылым алаңында болып, жаңашыл ақпараттық жүйедегі жаңа оқыту құрылғыларының мүмкіндіктерімен танысты.
Бағдарлама барысында білім саласына еңбегі сіңген ұстаздарға алғыс хаттар беріліп, марапатталды. Алқалы жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.