ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕ ҚАРАЛДЫ

0
59

Бірнеше күннен кейін жаңа оқу жылы басталып, білім ордалары қыз-қыз қайнап, оқушылар мен ұстаздары, ата-аналар үшін жаңа оқу маусымының күйбеңі басталады. Мемлекет басшысы елімізде білім беру саласын заман талабына сай жаңғыртып, жаңа да озық білім беру әдістерін енгізіп, электорника, цифрландыру, робототехника, айти және басқа да заманауи озық технологияларды енгізу керектігін атап көрсеткен еді. Сол себепті де білім саласында жаңа жобалар мен бағдарламалар қабылданып, іске асырылуда.
Мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың мақсаты қазақстандық оқушыларға жайлы ғимараттар мен жақсы жабдықталған пәндік кабинеттерде заманауи талаптарға сай инновациялық әдістермен білім беру, ұлттық дәстүрге сәйкес тәрбие мен адамгершілік талаптарына сай тәлім беруді қамтамасыз ету. Сондықтан да, жаз басынан барлық аймақтарда жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары басталады. Ол жұмыстар жаңа мектептердің құрылысы, бірқатар білім ордаларын күрделі және ағымдағы жөндеулер жүргізу, басқа да мектептің қажеттіліктерін толықтыру болып табылады. Жергілікті басшылар осындай дайындық жұмыстарының дер кезінде, сапалы орындалуын бақылауында ұстап, кемшіліктердің алдын алып, орын алғанын жөндетіп қадағалайды. Сол сияқты қоғамдық ұйымдар да бұл мәселеге атсалысып, бақылау, дайындықтың сапалы болуын қадағалау мәселелерімен шұғылданады.
Отырар аудандық әкімдігінің мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынды кеңес төрағасы Көлбай Жалғасбай ашып, жүргізіп отырды. Мәжіліске бөлім мен мекеме басшылары, аудандағы білім беру ұйымдарының директорлары мен балабақша меңгерушілері және БАҚ өкілдері қатысты.
Кеңес отырысының күн тәртібінде аудандағы білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы туралы мәселе қаралды.
Аудандағы білім саласының қазіргі жай-күйі туралы аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақыт Бекмұрат баяндама жасап, жастарға білім мен тәрбие беру мәселесіндегі өзекті мәселелерге тоқталды.
2024 жылы Отырар ауданының білім бөліміне қарасты 9 мектеп 3 балабақша мекемелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 960 миллион теңгеге жуық қаржы қаралған. Оның ішінде мектептердің едендерін жаңарту, қабырғаларын сырлау, сылау, шатырларын ауыстыру, сондай-ақ, сыртқы қабырғаларды қаптау, ішкі әжетханаларды ретке келтіру жұмыстары атқарылуда.
Жиында кеңес мүшелері Бегалы Әймішов, Нұржан Дайрабаев, Бақытжан Сапарбаев, Амантай Төрехан мектепте білім алушыларға жағдай жасау, мектеп ғимараттарын күтіп-қарау, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы тәрбиешілердің айлық жалақысын толық аудару секілді мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін айтып, мектеп басшыларын белсенді болуға шақырды.
Сондай-ақ, жиында қоғамдық кеңестің мүшесі Мария Белгібай аудандағы мектептердің қазіргі жағдайына жүргізілген мониторинг жұмыстарының барысы туралы айтып, кейбір оқу ордаларындағы кемшіліктерді атап өтті. Білім ордалары жаңа оқу жылына толық сақадай сай дайындықпен баруы үшін орын алған кемшіліктер дереу түзетіліп, жұмыстар сапалы түрде орындалуы қажет. Сонда бүлдіршіндер жаңа оқу жылында жайлы ғимарат, кабинеттерде алаңсыз білім алатын болады.
Кеңес отырысында күн тәртібіндегі мәселеге байланысты қоғамдық кеңес мүшелерінің мектептерді компьютермен, кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету, кіші қызметкерлерді жұмысқа қабылдаудағы өзгерістер, білім беру ұйымдарының қатты және сұйық отынмен қамтамасыз ету жұмыстары туралы қойған сұрақтарына жауап беріліп, жиын қорытындысы бойынша кеңес мүшелері бірауыздан баяндамашыға қанағаттанарлық деген бағасын берді.