«АЛТЫН САҚА» ОЛИМПИАДАСЫНАН ЕКІНШІ ОРЫН АЛДЫ

0
65

Әлемдік ғылым мен білімнің қарыштап дамуы, электротехника, инновация, цифрландыру, айти және жасанды интеллекттің дамуы жас ұрпақтың болашаұта көш соңында қалып қоймауы үшін жаңаша бағытта білім алып, үздіксіз ізденіс арқылы жоғарыдағы салаларды, жаңа технологиялық, инновациялық жетістіктерді меңгеруі керектігін көрсетіп отыр. Елімізде білім саласында реформа жасалынып, білім беру процестерін жетілдіріп, жайлы мектептер салу жұмыстары мектеп оқушыларын әлемдік білім беру процесіне ілестіруді мақсат етеді.
Қазіргі кезде Түркістан облысында да педагогтердің білімін заманауи жетілдіру, оқыту процесін озық әдістермен жүргізу сияқты ізденістер облыс мектептерінің оқушыларының сапалы білім алуына септігін тигізуде. Облыс мектептерінің оқушылары жыл сайын көптеген республикалық, халықаралық пәндік олимпиадаларға қатысып жеңімпаз, жүлдегер болып оралуының өзі облыста білім беруде нәтмжелі жұмыстар барын көрсетеді.
Таяуда ғана Астана қаласында өткен республикалық «Алтын сақа» олимпиадасында Сарыағаш ауданының үздік те зерек оқушыларының бірі Тасболат Мұстафа  II орынды иеленіп, ауданның мерейін асқақтатты.
2024 жылдың 19 тамызында  3-4 және  5-6 сынып оқушылары арасында өткен республикалық  сайыс математика пәнінен мықтыларды анықталып, жеңіс тұғырынан көрінген оқушыларды марапаттау шарасымен жалғасын тапты.
Сарыағаш қаласындағы  №6 Ж. Аймауытов атындағы жалпы білім беретін мектебінің 3-сынып оқушысы Тасболат Мұстафа мектепішілік, ауыл, қала, аудан, облыстық іріктеулерден сүрінбей өтіп, республикалық білім бәйгесінде оза шапты. Өзінің де, ұстазының да есімі ұлықталып, ынталандыру сыйақысын жеңіп алды. Жетекшісі- Махтмова Ақмарал Есеналиқызы.
Сонымен қатар, Астана қаласындағы ҚР Қарулы күштерінің Әскери-тарихи музейінің концерт залында  өткен марапаттау кешіне Сарыағаш аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Р.Камалдин де қатысып, арнайы марапатқа ие болды.