ОТБАСЫНЫҢ ЫНТЫМАҒЫ МЕН БІРЛІГІ – МЕМЛЕКЕТТІҢ БЕРІКТІГІ

0
186

Мемлекеттің іргетасының беріктігі оны құрып отырған халықтың ынтымағы мен бірлігіне, өзара түсіністігі мен татулығына, бір-біріне деген сыйластық, құрметіне байланысты. Ал адамдар арасындағы ондай қасиеттер ең бірінші кезекте отбасындағы ахуал арқылы қалыптасады. Отбасындағы құндылықтар мен тәрбие арқылы оның әр мүшесіне беріледі.
«Отан – отбасынан басталады» дегендей қазақстандықтардың әр отбасында береке-бірлік пен ынтымақ, қолайлы өмір мен жайлы тіршілік болса еліміздің қоғамдық-саяси ахуалы тұрақты, халықтың бірілігі мен ынтымағы жоғары, экономикалық дамуы қарқынды болмақ. Сондықтан да Мемлекет басшысы отбасылардың беріктігі мен оның мүшелерінің дәстүрлі адамгершілік тәрбиеге сай болуын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап айтқан болатын. Отбасы бірлігін, өнегелілігі мен тәрбиелілігін қалыптастыру үшін республикалық деңгейде отбасылық іс-шаралар ұйымдастырып, азаматтардың өнегелі де мерейлі отбасыларынан үлгі алуын, соларға еліктеп әр шаңырақта береке-бірлік, ынтымаққа ұмтылуын ұйымдастыру қолға алынған. «Мерейлі отбасы» ұлттық деңгейдегі конкурсы ауылдардан басталып, аудан, қала, облыстық конкурстарда іріктеліп, ең лайықтылары республикалық конкурста бақ сынайды. Бұл ұлттық конкурсқа халық қызығушылығы жылдан жылға артып келе жатқаны соншалықты оған қатысуға тілек білдірушілердің қатары да көбеюде.
Түркістанда облыстық «Мерейлі отбасы – 2024» ұлттық конкурсы өтті. Жанұядағы жарасымдылық пен өзіндік қарым-қабілеттерімен ерекшеленіп, ұрпақтар сабақтастығының қайталанбас үлгісін көрсеткен  үздік отбасылар  арасынан жүзден жүйрік шығып, «Мерейлі отбасы – 2024» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінде топ жарған Сарыағаш ауданында тұратын Меңлібаевтар отбасы жеңімпаз болып танылды.
Елімізде ерекше сипатқа ие болып, дәстүрлі бағытта өткізіліп жатқан конкурс жеңімпаздарын Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев  құттықтап, жеңімпаздарға облыс әкімі Дархан Сатыбалдының алғыс хатын табыстады.
Отбасының арқасүйері, Жылға ауылының құрметті азаматы   Есіркеп Меңлібаев пен жұбайы Орынкүл Меңлібаеваның отандасқанына биыл — 53 жыл. Олар ширек ғасырдан астам бірге бақытты да ғұмырлы өмір кешуде. Шаттығы үзілмеген шаңырақта 2  ұл, 4 қыз тәрбиелеп, олардың өмірде өз орнын табуына үлкен септігін тигізіп, даңғыл жолын көрсетті. Қазірде тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтеректей болған отбасы 20 немере, 19 шөберені ұлттық құндылықтарды насихаттай, қазақи салт-дәстүр мен ғұрыптарды сақтай отырып тәрбиелеуде.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы  республикалық деңгейде тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударып отырғандығы белгілі. Себебі, қазақ халқы үшін отбасы деген қасиетті ұғым, қастерлі құндылық. Адам баласына берілетін тәрбиенің ең негізі осы отбасында қалыптасады. Бұл талайды қанаттандырып, талай адамға алтын бесік болған киелі шаңырақ.
Халқымыздың отбасылық құндылықтары мен шаңырақта берілетін тәлімді тәрбиелері осындай ұлттық конкурстардың арқасында біртіндеп жаңғырып келеді. Жиырмасыншы ғасырдағы зұлматтар мен ашаршылық, соғыстардың, өз жерімізде халқымыздың азшылықта болып қалуының кесірінен отбасылық дәстүрлеріміз бен құндылықтарымыздың бірқатарынан айрылып қалғанымыз жасырын емес. Міне, сол кезеңдердегі жіберіп алған олқылықтардың орнын тәуелсіздік алғалы біртіндеп толытып, қалпына келтірудеміз. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы қлттық құндылықтар мен отбасылық тәрбиені жаңғыртуға, заман талабына сай дамытуға арналған жобалардың бірі.