ТАПСЫРМАЛАРДЫҢ ОРЫНДАЛУЫНЫҢ ЕСЕБІН ТЫҢДАДЫ

Түркістан қаласында әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдардың сапалы болуы қала тұрғындарының қауіпсіз өмір сүруіне мүмкіндік береді. Сондықтан да қала басшылығы халыққа қызмет көрсетіп тұрған инфрақұрылымдардың сапалы болуын қамтамасыз етуді тапсырған. Оның ішінде жаяу жүргіншінің көшеден өту жолағы, көшенің жарық шамдарының жайы, әсіресе, жаңа оқу жылы басталғанда оқушылардың күнделікті жүретін көше жолақтарының сапасын жақсарту туралы тапсырмалар болған.
Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков Әкімшілік-іскерлік орталықтағы көшелерді аралап, тапсырмалардың орындалуы бойынша бекітілімге сәйкес жауапты басшылардың есебін тыңдады.
Көпқабатты үйлердің 1-қабатында орналасқан бірқатар кәсіпкерлік нысандарының маңдайшасы ретке келтіріліп, ретсіз жарнамалары жойылған.
Шаһар басшысы көше жарықшамдарын қосу кестесін қайта түзіп, уақытылы орындалуын қадағалауды, аулалар мен арық-атыздардың тазалығына мән беруді ескертті. Сонымен қатар, көгалдар мен ағаштардың күтіміне қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.
Түркістан қаласында жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғаларының алдын-алу мақсатында 23 білім ордасының маңындағы жаяу жүргіншілер жолағы жаңартылды. Сондай-ақ, қыркүйек айына дейін қаладағы барлық мектептердің жаяу жүргіншілер жолағы жаңартылады деп жоспарланып отыр.
Қалалық «Түркістан жол қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мәліметіне сәйкес, биылғы жылдың соңғы 6 айында Б.Саттарханов даңғылы, Ә.Темір, Байбұрт, Тауке хан, С.Қожанов, О.Жарылқапов, Т.Нышанов, Төле Би, Қазыбек Би, О.Жандосов көшелерінің 123,28 км жол сызығы, 7334 шаршы метр жаяу жүргіншілер жолағы, 31000 шаршы метр вело жолақтардың бояуы жаңартылған.
Сонымен қатар, қала көшелеріне 1400 дана жол белгілері орнатылды. Жыл соңына дейін жаңа 2500 дана жол белгісі, 5 жаяу жүргіншілерге арналған және 5 транспорттық бағдаршам қойылады.
Сондай-ақ, соңғы жарты жылда қала көшелеріне жаңа үлгідегі 105 жаңа автобус аялдамалары орнатылды. Жыл соңына жаңа аялдамалар санын 150-ге жеткізу көзделген.