САУРАНДЫҚТАР ЖҰРТШЫЛЫҚҚА КӨТЕРІҢКІ КӨҢІЛ-КҮЙ СЫЙЛАДЫ

0
52

Руханият пен мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар Түркістан облысында жоспарлы түрде және шығармашылық белсенділікпен тұрақты жүргізілуде. Облыста ел рухын көтеріп, ұлттық дәстүр-салт, мәдениет пен әдебиетті насихаттауға арналған шаралардың бірі барлық қала, аудандардың шығармашылық ұжымдары, мәдениет пен өнер өкілдері, ұлттық дәстүрге сай қолөнершілері, суретшілері, ұлттық спортшылары облыс орталығында өздерінің өнерін халыққа паш ететін фестиваль. Ата заң мерекесі күні қарсаңында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Сауран ауданының Түркістан қаласындағы мәдени күндері өтті.
Шара Этноауыл аумағында аудан қолөнершілерінің көрмелері, ұлттық ойын-сауық және салт-дәстүр, әдет-ғұрып көріністерімен басталды. Атап айтқанда, «Кемпір салты», «кәрі жілік», «есек жем» «тас қорық», «бәдік айтыс», «туған жерге аунату», «қыз төркіндеу» көріністері жұртшылық назарына ұсынылды.
Сауранның дархан халқы түркістандықтар мен қала қонақтарына ұлттық тағамнан дәм ұсынып, нағыз қазақы қонақжайлық көрсетті. Ал мерекелік кештің көрігін саурандық өнерпаздардың алтыбақан түбіндегі көріністері мен «Дала рухы» ансамблі қыздыра түсті.
Түркістан қаласында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Сауран ауданының мәдениет күндері екі күнге жалғасып, өз мәресіне жетті.
Сондай-ақ, «Дала рухы» ансамблінің концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, «Этноауыл» аумағында ұлттық ойындардан (қазақша күрес, қол күрес, садақ ату, ләкәш, асық ойындары, гір тасын көтеру, аударыспақ, тоғызқұмалақ, қойшы ойыны, сақпан ату, ләңгі тебу, арқан тартыс, арқаласпақ, т.б.) сайыстар өтті.
Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп отырған «Өнерлі өлке» өнер фестивалі ұлттық мәдениетімізді, мәдени демалыс қызметін және халық шығармашылығын дамыту, жастар арасында ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпымызды дәріптей отырып, келешек ұрпақты салауатты өмір салтына бейімдеу және облысымыздың туристік әлеуетін дамыту мақсатында жыл сайын ұйымдастырылып келеді.
Бұл дәстүрге айналған облыстық «Өнерлі өлке» өнер фестивалі Түркістан қаласының төрінде биыл екінші рет өткізіліп отыр. Сауран ауданының мәдени күндері «Керуен Сарай» кешенінде Гала концертпен қорытыланды. Кешкі шараға Сауран ауданы әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев қатысып, игі лебізін білдірді.
Сауран ауданы өнерпаздарының және «Алдараспан» театрының әртісі Нұржан Төлендиев және эстрада жұлдыздары Нұржан Қалжан, Бақытжан Мұстафаев, Данияр Барыстың қатысуымен мерекелік Гала-концерт тамашаланып, түркістандық жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады.