ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН КӨПФУНКЦИОНАЛДЫ АМФИТЕАТР АШЫЛДЫ

0
70

Мемлекеттің болашағы –жастар. Жас ұрпақты жан-жақты, белсенді, білімді де отаншыл рухта тәрбиелеу үшін Мемлекеттің Жастар саясаты бар. Сол саясат бойынша елімізде балабақшадан, мектеп табалдырығын аттап бастағаннан жеткіншектерге заманауи, озығ технологиялар пайдаланыла отырып білім мен тәрбие беріледі. Оған қоса жасөспірімдер мен жастардың бос селтеңдемей уақытын пайдалы өткізуі үшін де мемлекет тарапынан көптеген бағдарламалар қабылданып жүзеге асырылуда.Солардың ішінде жастардың оқу оқып, мамандық алуы, қоғамдық істерде белсенді араласып, өзінің тұлға болып қалыптасуын қамтамасыз ету де қарастырылған. Ол үшін жастардың бас қосып уақытты тиімді өткізуіне де көңіл бөлінеді.
Түркістан облысында жастар саясатын жүзеге асыру бағытында тұрақты түрде нәтижелі жұмыс жүргізіліп келеді. Жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруда, ой-өрісін кеңейтуде оларға арналған арнайы орындарда іс-шаралар өткізу де маңызды. Конституция күні қарсаңында заманауи үлгідегі көпфункционалды ашық аспан астындағы амфитеатр ашылды. Ашылу салтанатында қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, зиялы қауым өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары шаһардағы белсенді жастармен кездесті.
Жиында сөз алған қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков жастардың үлкен күш екенін атап өтті. Дегенмен соңғы уақытта жастар арасында алаяқтық пен құқықбұзушылық көрсеткіштерінің әлі де көңіл көншітпейтінін, ал шындығында жастарды шыңдайтын тәрбиенің төресі еңбек екенін айтып, тау қопарып, тас жаратын қайратты жастар мемлекеттің келешегі екенін жеткізді.
Шарада облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов пен мәдениет саласының ардагері Ұлжалғас Мұстафаева сөз сөйлеп, бүгінгі заманның басты талабы білім екенін атап өтіп, дарынды жастарды қолдауды арттыру қажеттігін, ал жастарда сол қолдауға лайықты талпыныс болу керектігін айтты.
Алқалы жиында Түркістандағы «Меймандостық және туризм университетінің» алғашқы түлектерінің бірі Гүлім Қалдаяқ туризм саласындағы жастардың рөлі туралы ойын айтса, белсенді мобилограф Бақжан Мырзақұл жастар орталығында замандастарына мобилография шеберлігін үйретуге ниетті екенін жеткізді. «Н.Назарбаев зияткерлік мектебінің» мұғалімі Бақытжан Дүкенбай қала жастары атынан алғысын айтып, жастар орталығы жас буынды шыңдайтын қара шаңыраққа айнала берсін деген жылы лебізін білдірді. Жалпы, Түркістан қаласында 71486 жас бар. Оның 10574-і жоғарғы оқу орындарында оқитын студенттер болса, ал 6743 студент Орта арнаулы оқу орындарында білім алады.