ШАРДАРАДА ЖОЛ ТӨСЕЛІП, КҮНБАҒЫС ӨНІМІ ЖИНАЛУДА

«Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы республикамыздың барлық өңірлерінің қарқынды дамуына мүмкіндіктер ашатын мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелі жұмыс жасауын қамтамасыз етуге бағытталған. Ауылды жерлердің инфрақұрылымдарын жақсартуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдауға арналған бағдарламалар ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылып қана қоймай жайлы да қолайлы жағдайда тұрмыс құрып, жұмыспен қамтылып, жеке кәсіптерін ашып жүргізуіне де толық мүмкіндіктер ашады. Сонымен бірге облыстық, аудандық бюджеттерден де жоғарыдағы мәселелер қаржыландырылуда.
Шардарада аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың тапсырмасымен, жергілікті бюджет есебінен қалалық емханаға баратын жаңа жолдың құрылысы аяқталып, пайдаланылуға берілді.
Жолдың ұзындығы 235 метрді құрайды. Аталған жаңа жол, аудан тұрғындарының емханаға кептеліссіз келіп-кетуі мен жедел жәрдем көліктері кеңсесіне кедергісіз кіріп-шығуына мол мүмкіндік береді.
Айта кетсек, 2024 жылға Шардара қаласындағы 16 көшеге тас төсеу және асфальт жабдысын төсеуге жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, Шардара қаласындағы О.Жандосов, Ш.Уәлиханов, Юсупов, Смағұлов-Алаш, Б.Момышұлы, Ақан Сері және жаңа емханаға баратын жолға асфальт жабындысы төселді. Сондай-ақ Тәуелсіздік, Қорқытата, Қозы Көрпеш-Баян Сұлу, Мұнайбаза, Мұса Жәлел, Т.Рысқұлов көшелеріне тас төсеу жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне берілді. Қалған Құршан Ералиев, Ә.Қастеев, Ерәлиев көшелеріне асфальт жабынын төсеу мақсатында тегістеу, дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жол жөндеу жұмыстарын 2024 жылдың қыркүйек айының соңында толық аяқталып, тұрғындар игілігіне табыстау жоспарлануда.
Оған қоса “Ауыл Ел бесігі” бағдарламасы аясында Қоссейіт ауылдық округіндегі 9 көшеге асфальт жабыны төселуде.
Ал, ауданның Жаушықұм ауылында орналасқан «ИІРЖАРАГРО»ЖШС шаруа қожалығы тамшылатып суғару әдісімен 370 гектар жерге күнбағыс өнімін егіп, бүгінде жиын-терімді бастаған. Мемлекеттің, жергілікті әкімдіктің қолдауы мен жағдай жасауының нәтижесінде жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрып, оның жұмысын дөңгелентіп отырған ұжым туркиялық инвестицияны да ортақ іске тарта білген. Болашақта мемлекеттік бағдарламалар қолдаумен, инвестицияны арттыру арқылы шаруа қожалығын кеңейте түсуге де ниет бар.
Бүгінде «ИІРЖАРАГРО» ЖШС шаруақожалығы Түркиялық инвесторлармен бірге 500 гектар егістік алқабын игеріп отыр. Биыл 370 гектарына күнбағыс егіп, оны тамшылатып суғару әдісімен өсірген. Бұдан бөлек шаруақожалық басшылығы 100 гектардан астам аумаққа картоп егуді жоспарлап отыр. Онда 11 адамды тұрақты жұмыспен қамтыса, жұмыс ауқымына байланысты 20-30 адамға қосымша жұмыс беріп отыр. Сондай-ақ 23 ауылшаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Диқандар күнбағыс өнімін іші экспорт нарығынан бастап, ҚХР, Түркия, Әзірбайжан шет мемлекеттерге де экспорттауды жоспарлайды.
«Алдағы уақытта мемлекет қолдауымен шаруа қожалықты дамытып, зауыт ашуға да ниеттіміз. Бұл тамшылатып суғару дүниежүзі бойынша су тапшылығының алдын алатын және өнімділікті көбейтетін әдіс деп білемін,» дейді шаруақожалық өкілі Оразалы Шыршықбаев.