ЖЕМІС-ЖИДЕК ӨСІРУГЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығында инновациялық жобаларды енгізіп, суды үнемдей отырып, өнім көлемін арттыру жөніндеі тапсырмасына орай елімізде, оның ішінде Түркістан өңірінде жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Түркістан облысында гектарлап алма бақ пен жеміс-жидек егу бағытына бетбұрыс жасаған диқандар көбейiп келеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, облыс бойынша жеміс-жидек ағаштары 17,9 мың гектарға, оның ішінде 5,4 мың гектар қарқынды алма бауы орналастырылған. Өңірде алма, алмұрт, өрік, шие, шабдалы, қара өрік өсіріледі.
Бұл елдегі жеміс-жидек ағаштарының 43% құрайды. Дәстүрлі баулардан гектарына 60-70 центнерден өнім алынса, қарқынды баулардан 300-350 центнерден өнім жиналды. Қарқынды баулардың негізгі бөлігі Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт, Сайрам аудандарында орналасқан. Басқа аудандарда да бұл іске бетбұрушылар қатары арта бастаған. Қарқынды бау-бақша мен жеміс-жидек өсіру ісі ауыл шаруашылығындағы ең тиімді бағыттардың бірі саналады. Өйткені, бұл жалпы өндірілген өнім көлемін еселеп ұлғайтуға септігін тигізе алатын бағыт.
Түлкібас ауданында қарқынды бау көлемін көбейтуге ерекше мән берілуде. Аудандағы алма баулардың көлемі 3 мың гектарды құраса, соның 700 гектардан астамы – қарқынды бау. Биыл ауданда тағы 55 гектар жерге тамшылатып суару технологиясы енгізілген қарқынды алма бауы егілді.
Сайрам ауданында жалпы ауданы 100 гектар қарқынды отбасылық алма бағын ұйымдастыру бағыты бойынша 7 ірі инвестициялық жобаны қаржыландырған. Қарқынды отбасылық алма бақтарын құруға арналған жердің жалпы ауданы 117,61 гектарды құрайды. Оның 100 гектары қарқынды алма бағын отырғызуға, ал 17,61 гектары инфрақұрылымға яғни, жол салуға, сорғы және сүзу стансаларын орнатуға, тұндырғыш-жинақтағыш, ұңғыма үшін пайдаланылады.
Ордабасы ауданында көп жылдық екпелердің алаңы – 1 490 гектарды құраса, оның ішінде қарқынды алқаптың жер көлемі – 319 гектарға жетті. Бөржар ауыл округінде – 79 гектарға («Александровский сад» ЖШС – 20 гектар, «Green town south» ЖШС – 10 гектар, «Bal Kausar» ЖШС – 10 гектар, «Нұрқасым» ШҚ – 20 гектар) және Қажымұхан ауыл округінде – 240 гектарға («Қазақстан Логистик Групп» ЖШС – 180 гектар, «Каз Гарден» ЖШС – 60 гектар) көп жылдық қарқынды екпелер отырғызу жобалары іске асырылған.
Жетісай ауданында бағбандар сорланған жерлерді бау-бақша өсіруге бейімделіп келеді. Аудандағы шаруалар италияның алмалары мен жүзімдерінің бірнеше түрлерін отырғызып, өсіруде. Италиядан әкелінген алманың көшеттері Мырзашөл өңіріне тез жерсініп кетті. Өнімділігі жоғары алмалардың ерекшелігі суды аса көп қажет етпейді. Мұндағы жалпы 20 гектар бау-бақша алқабының 7 гектарына алманың үш түрі отырғызылған. Қалған аумақта базарға өтімді жүзімнің түрлері өсіп тұр.
Облыс бойынша өткен жылы жеміс салу жасындағы жеміс-жидек ағаштарынан 116,9 мың тонна (95,8 мың тонна алма, 3,6 мың тонна алмұрт, 7,4 мың тонна сары өрік, 4,2 мың тонна шие, 2,4 мың тонна шабдалы, 3,3 мың тонна қара өрік, 1,8 мың тонна түрлі жидектер) өнім жиналды. Бүгінгі күнге 26 мың тонна Ресей, Қырғызстан, Белоруссия, Өзбекстан елдеріне экспортталды.
Облыста қарқынды бау шаруашылығын дамыту бұл бағытқа инвесторлар тарту жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Оған қоса жеміс-жидек ағаштарын өсіруге келесідей мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Олар:
«Тыңайтқыштардың құнын субсидиялау» бағдарламасы бойынша сатып алынған минералды тыңайтқыштардың 50%; «Пестицидтер, гербицидтер мен биоагенттердің құнын субсидиялау» бойынша зиянды организмдерге қарсы қолданылатын преператтардың 50%; «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» бағдарламасына сәйкес 5 гектардан бастап қарқынды алма бағын салуға жұмсалған шығынның 40% (1 гектарға есептелетін барынша құны 21 000,0 мың теңге) және 5 гектардан бастап жеміс-жидек бағын отырғызуға жұмсаған шығынның 25% субсидияланады.
Сонымен қатар тұқым шаруашылығын қолдау бағдарламасы арқылы сатып алынған көшеттерінің 50% субсидияланады.