ЖАС ДЗЮДОШЫЛАР БІР АЛТЫН, БІР КҮМІС ОЛЖАЛАДЫ

Еліміздің болашағы –жеткіншектеріміз бен жасөспірімдерімізге сапалы білім мен саналы тәрбие берумен қатар олардың денсаулықтарының мықты болуын қамтамасыз ету бойынша да мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Шынығып шымыр болуы үшін балабақшадан бастап, мектеп қабырғасында да оқушылардың дене шынықтыруы, бұқаралық спорт түрлерімен шұғылдануы сөйтіп шымыр да денсаулығы мықты болуы қамтамасыз етіледі. Оған қоса талабы мен дарыны бар бүлдіршіндер ата-аналарының және өзінің қалауы бойынша түрлі спорт секцияларына жазылып, спорттың бір түрімен тереңдете шұғылдану мүмкіндігі жасалған. Олар жарыстарда өздерін жақсы жағынан көрсетіп, жүлде алып жатса, ондай балаларды арнаулы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне шақырып, сол жерде мектеп білімін алумен қоса кәсіби түрде таңдаған спорт түрімен жаттығуға жағдай жасалады.
Түркістан облысында сондай мектептерде оқып, жаттығып біртіндеп республика, халықаралық, әлемдік жарыстарда жүлде салып жүрген атақты спортшылар аз емес. Сол сияқты спорт мектептерінде оқып жүрген жасөспірімдер арасында байрақты додаларға қатысып жеңімпаз, жүлдегер атанып жатқан жас спортшыларымыз да жетерлік.
Кореяның Мунгён қаласында 26-29 тамыз күндері дзюдо күресінен 2007-2008 жылы туылған жасөспірімдер арасында чемпионатта Сарыағаш ауданының жас дзюдошылары Сейітжан Маметов және Сымбат Тағайбек Азия чемпионатында жүзден жүйрік шығып, бірі алтын, екіншісі күміс медальмен марапатталды.
Сары құрлық елдері арасында 16-17 жастағы жасөспірімдер арасында өткен біріншілікке қатысқан мемлекеттердің спортшыларының барлығы да жақсы дайындықтарымен келіпті. Боз кілем-татамиде өткен күрес додасына барлық қатысушылар жоғары деңгейдегі тартысты жекпе-жектер көрсетті. Әйтсе де, жарыста жеңімпаздар мен жүлдегерлер болатыны, белдесушілердің бірі жеңіп мерейі үстем болатындықтан барлық салмақ дәрежелері бойынша алғашқы жүлделі орындарды иеленгендер анықталды.
Байрақты бәсекеде ел құрамасы сапында өнер көрсеткен жерлесіміз 55 келідегі Сейтжан Маметов татамиде қарсылас шақ келтірмей, жеңістің шыңын бағындырды. Сейітжан Маметов Құркелес ауылдық округінің тұрғыны, Сарыағаш аудандық нөмірі 2-ші балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі. Жаттықтырушысы Мекен Санжар.
48 келіде тартысты додада бақ сынасқан Сарыағаш қаласының тұрғыны, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі Сымбат Тағай Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Жаттықтырушысы Шаменов Арыстан.
Еліміздің абыройын асқақтатқан жас спортшыларымызды жеңіспен құттықтап, алда болатын белдесулерде де жеңістер тілейміз.