КІТАПҚҰМАРЛАРҒА АРНАЛҒАН ЖОБА ҚОРТЫНДЫЛАНДЫ

0
64

«Кітап – білім бұлағы» деген мәтел әлемде электроника, интернетті желі, цифрландыру мен айти технологиялары дамыған кезеңде де өз маңызын жоймайды десек болады. Оны Мемлекет басшысының өзі атап өтіп, еліміз бойынша азаматтарды, оның ішінде жсөспірімдер мен жастарды кітап оқуға қызықтыру шараларын, түрлі жобаларды іске қосуға бастамашыл болды. Бұрын кітапханадан барып бірнеше кітапты жаздырып алып бірнеше күн ішінде оқып бітіріп, келіп өткізіп орнына жаңа кітаптар алып оқу дәстүрлі іс болды. Қазіргі кезде интернет желісі арқылы компьютер, ноутбук, телефонмен де қалаған кітабыңды оқуға мүмкіндік бар. Дегенмен, оқыған кітап санаңда тоқылып қалуы үшін оны жайлы да ыңғайлы жерде оқып, өзің сияқты кітапқұмарлармен жүздесіп, пікір алмасқанға не жетсін. Сондықтан да, әлемдегі ең дамыған жапон елінде халқы, оның ішінде жастары бір жылда кемі отыз-қырық, алды жүздеп кітап оқиды екен.
Біздің елде де кітапқа қызығушылықты ояту үшін ұйымдастырылып жатқан іс-шаралардың мақсаты да халықтың санасы мен рухын, мәдениеті мен зиялылығын қалыптастыру екені белгілі. Осы мақсатта Созақ аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен «Кітапхана түні – 2024» жобасының қортынды шарасы өтті.
Шараны аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов ашып, жылы лебізін білдірді. Өткен жылдан бастап жазғы оқу бағдарламасы аясында ұйымдастырылған жобаның маңыздылығына айрықша тоқталды. Сонымен қатар, кітапхана саласының тұрақты оқырмандарын, кітап жанашырларын, ақын-жазушылар мен сала үздіктерін аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттап, құрмет көрсетті.
Тағылымы мол шара аясында ізгі тілектер жолданып, әсем әндер орындалды.
Кеш соңында Созақ аудандық орталық кітапханасының “Оқырмандарға қызмет көрсету” бөлімшесінің басшысы Айгерім Бөбееваның «Сыныбыммен рухани орда төріндемін» атты жаңа жобасы жарияланып, оқырмандарға жол тартты.