БАҚ ӨКІЛДЕРІ ЭКОМӘДЕНИЕТ ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА АТСАЛЫСУДА

0
56

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жолдауларында «Жаңа Қазақстан» құру үшін қазақстандықтардың өмірге көзқарастарын, туған жерге деген көзқарасын өзгертіп, ескі жаман әдеттерден арылып, жақсы қасиеттерді бойларына сіңіруі арқылы жаңа тұлға болып қалыптасуының маңыздылығын атап өткен еді.Мемлекетімізді жаңа принциптерге сай дамыту үшін әрбір азаматтың көзқарасы да жаңарып, отаншылдық қасиеттері молайып, туған жерге деген құрметі арта түсу керек. Президент сол үшін де «Таза Қазақстан» бағдарламасын ұсынып, ол бүкіл елімізде дәстүрге айналып келеді. Түркістан облысында ел басшысының бастамасын қолдауда түрлі белсенділіктер мен жаңашылдықтар туындауда.
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Айғақ Медиа» холдингінің директоры Дулат Әбіш бастаған бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің өкілдері мен өлкетанушылар Сарыағаш ауданына арнайы іс-сапармен келіп, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Айырылмас» этно-мәдени саябағы кешені аумағында аудан тұрғындарымен бірге тазалық жұмыстарына қатысты.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен іс-шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Алдияр Қозыбаев, аудандық мәслихат төрағасы мен депутаттар, ауданның ерікті жастары, ауыл тұрғындары және облыстық мәслихаттың депутаты, «Айғақ Медиа» холдингінің директоры Дулат Әбіш бастаған БАҚ өкілдері мен өлкетанушылар бір кісідей белсене атсалысты.
Ауданның ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұстапа Сүлейменов Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасының мақсатын түсіндіріп, аталған бағдарлама аясында тазалық шарасына қатысуға облыстың БАҚ өкілдері мен өлкетанушыларының Сарыағаш ауданына келуіне атсалысқан Дулат Әбіш мырзаға аудан жұртшылығы атынан алғысын білдірді. Сонымен қатар, тазалық жұмыстарын бастаудан алдын бабаларға арнап құран бағыштап, құрбандық шалынды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Сүлейменов игі шараны бастауға ақ батасын берді.
Қарқынды тазалық шарасы барысында қураған ағаш бұталарын кесу, талдарды ретке келтіру, әктеу-сырлау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, шөптері орылып, саябақтағы орындықтар мен қоқыс салғыштар тазаланып, қоқыстар шығарылды.
Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Әрбір тұрғын өзі тұратын үйдің ауласын таза ұстаса, бұл олардың ауданның тазалығына қосқан үлесі.
Барша аудан тұрғындарын ынтымақ пен өзара көмекке үйрететін, жақсы қасиеттерді насихаттауға бірге атсалысуға шақырамыз!
БАҚ өкілдері мен өлкетанушылар “Таза Қазақстан” бағдарламасын насихаттауды ары қарай Түркістан облысының Қазығұрт, Төле би аудандарында және Жамбыл, Қарағанды, Ұлытау облыстарында жалғастырмақ.