ТӨРТ МЫҢ ОҚУШЫ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫН ЖАҢА ҒИМАРАТТА БАСТАДЫ

Мемлекет басшысы елімізде білім саласына ерекше көңіл бөліп, білім сапасын көтеру үшін мектеп ғимараттарын да заман талабына сай етіп салу мен пән кабинеттерін жабдықтау, инфрақұрылымын жетілдіру керектігін айтып «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын іске қостырды.
Түркістан облысында екі жылда 300 орындық 11 мектеп, 600 орындық 25 мектеп, 900 орындық 15 мектеп, 1200 орындық 6 мектеп, 1500 орындық 4 мектеп және 2000 орындық 2 мектеп салынады. Жоба аясында 2023 жылы құрылысы басталған 29 мектептің құрылысы 2024 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал қалған 34 мектептің құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталып, 2025 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Сонымен бірге арнаулы жоба, бағдарламалар негізінде және жеке инвесторлардың қатысуымен де облыс аумағында көптеген мектептер салынуда.
Бүгінде Түркістан облысының білім саласында инфрақұрылым қарқынды дамып, құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Осы орайда жаңа 2024-2025 оқу жылында өңірде жаңа 21 мектеп ашылды. Оның 6-ы мемлекеттік бағдарлама арқылы салынса, 15-і жекеменшік мектеп. Нәтижесінде, 4 мыңға жуық бала оқу жылын жаңа ғимаратта қарсы алды.
Атап айтқанда, Қазығұрт ауданындағы Көкібел ауыл округінде орналасқан С.Рахымов атындағы жалпы білім беретін мектебі 1962 жылы салынған. Тозығы жеткен мектепте білім алып жүрген оқушыларға биыл жаңа ғимарат салынды. Онда спорт залы, лингофондық кабинеттер, асхана, робототехника кабинеті, ішкі әжетхана, психология және дефектология кабинеттері қарастырылған. Сондай-ақ, Төлеби ауданында ашылған Тағайна жалпы білім беретін мектебінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылар үшін жеделсаты, пәндік кабинеттер бар. Ал Түлкібас ауданы Майлыкент ауылдық округіне қарасты Бақыбек мөлтек ауданында ашылған мектепте 1-11 сыныптың оқу бағдарламаларын оқытуға барлық мүмкіндіктер бар. Онда осы уақытқа дейін 50 орындық саманнан салынған бастауыш мектебі болған.
Сонымен қатар, облыста «Қазақстан халқына» қоры тарапынан 20 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның биыл 13-і пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, биыл облыстағы 4 апатты және 5 үш ауысымды мектептердің мәселесі толығымен шешіледі. Осы мақсатта 29 «Жайлы мектептің» құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Білім саласына байланысты жиындардың бірінде облыс әкімі Дархан Сатыбалды:
– «Жайлы мектеп» жобасы – өңірімізде мектеп тапшылығын шешуге берілген үлкен мүмкіндік. Енді осы жобаны сапалы жүзеге асыру керек. Жауапты орынбасар, басқармалар, аудан, қала әкімдері білім ұяларының құрылысын уақтылы әрі талапқа сай етіп аяқтау бағытында жұмыс істеңіздер. Мектептердің инфрақұрылымын тарту, газ, су, электр, жылу, ғаламтормен қамту бойынша тиісті шаралар қабылдансын. Мектептердің құрылыс материалдары сыртқы және ішкі көрінісі, сәулеттік жобасы бойынша да барлық мердігерге біріңғай нұсқа берілуі тиіс. Ең бастысы, осы «Жайлы мектептерді» жоғары деңгейлі ұстаздармен қамту аса маңызды. Қазірден бастап білікті басшылар мен мұғалімдер жасақтауды қолға алған жөн, – деген болатын.
Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 49 мың оқушыны қамтитын 63 мектеп салынады. Оның 29-ының құрылысы былтыр басталып, 2024 жылы аяқталады. Ал қалған 34 мектептің құрылысы 2024 жылы басталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен салынатын бұл білім ұялары өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін түбегейлі шешуге серпін береді.
Аталған ауқымды құрылысқа байланысты облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ұлттық жобаны жүзеге асыру жөніндегі алгоритм әзірленді. Алгоритмге сәйкес облыс көлемінде арнайы жұмыс тобы құрылып, құрамына облыс әкімінің орынбасарлары, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері, басқарма басшылары, депутаттар, білім саласы және инфрақұрылымға қатысты мекеме өкілдері енгізілді. Жұмысшы топтың отырысы айына кемінде 1 рет өткізіліп, өзекті мәселелер талқыланып жатыр. Әрбір білім ұясының құрылысы қатаң бақылауға алынады. Инфрақұрылымы, инженерлік жүйелері, жері, суы мен газы, электр жүйесі, жалпы әрбір өзекті мәселесін шешу жолдары жоспарланып, нақты жұмыс жүріп жатыр.