ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ КҮЗ ӘУЕНДЕРІНЕ ЖАЛҒАСТЫ

0
66

Мемлекеттің мықты болуы халқының рухани-мәдени деңгейі мен отаншылдығына байланысты болса, рух пен мәдениет ұлттық салт-дәстүр, әдебиет пен өнер арқылы беріледі. Олармен қанып сусындаған адам отаншыл болады. ЮБиыл екінші мәрте ұйымдастырылып дәстүргң айнала бастаған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалінің мақсаты да халықтың рухы мен отаншылдығын қалыптастыруға атсалысу болып табылады.
Түркістан қаласында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Түлкібас ауданының мәдени күндері басталды. Этноауыл аумағында ауданнан шыққан танымал ақын жазушылардың кітап көрмесі қойылып, жиылған қауым аудан мәдениетімен кеңінен танысты.
Бұдан бөлек, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрме-жəрмеңкесі, ауылшаруашылық өнімдерінің және ұлттық тағамдардың көрме жəрмеңкесі халыққа ұсынылды. Қалаға келуші туристер ұлттық астан дәм татып, өз пікірлерін білдірді.
Шарада «Ата ұлды, ана ұлтты тəрбиелейді» атты салт-дəстүр, əдет-ғұрыптардан көріністер сахналанды. Көне салт-дәстүрлер дәріптелді. Қазақ руханиятының төл тұмары саналатын терме, халық əндері мен дəстүрлі əндерден концерттік бағдарламалар көрсетілді. Мархабат Байғұттың «Машаттағы махаббат» повестінен көше театры стилінде «Мақталы» халық театры музыкалық-сахналық қойылымды сомдады.
Өнер фестиваліне арналған түлкібастықтардың іс-шарасы ертеңіне де жалғасын тапты. Бұл күні Этноауылда ұлттық спорттық ойын түрлерінен жарыстар өткізілді және ұлттық тағамдардың көрме-жəрмеңкесі өтті. Түркістандықтар мен қала қонақтары ұлттық спорт жарыстарын, ұлттық тағамдар көрмесін тамашалады. Ал, кешкісін «Керуен сарай» туристік кешенінде «Текті төрім – Түлкібас» атты аудан өнерпаздарының гала-концерті өтті. Осылайша, облыс орталығының тұрғындары мен қонақтарына түлкібастықтар екі күн бойы мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Күз айының басталумен Түркістан қаласында «Алтын күз әуендері» іс-шарасы да басталды. Ашық аспан астында ұйымдастырылған концерттік бағдарлама шаһардағы «Жібек жолы» саябағында өтті. «Түркі әлемінің туристік астанасы» атанған тарихи шаһарда аталған күзгі концерттік бағдарлама алдағы уақытта да қаланың әр секторында жалғасады, деп жоспарланып отыр.
Мәдени шарада Түркістан қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты. Қазақтың ұлттық аспаптарымен патриоттық және эстрадалық бағыттағы әсем әндер шырқалды. Саябақта серуен құрған қала тұрғындары мен қонақтары сахнаға шығып караокемен ән айтып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Яссы» би ансамблінің бишілері «Әгугай», «Шабыт» биін билеп, кештің көркін аша түсті.
Бұл мәдени шараның негізгі мақсаты – қаншама ақынның жырына, жазушының қаламына арқау болған құбылмалы мезгілде қала тұрғындары мен туристерінің жанын жадыратып, қуаныш пен шаттық сыйлау. Ашық аспан астындағы ән тыңдармандары көңілді кештен керемет әсер алып, келуге тағы ниетті екендерін білдіріп, ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты.
«Алтын күз әуендері» концерттік бағдарламасы 6-қыркүйек «Әл Фараби» аллеясы, 12-қыркүйек «Керуен Сарай» кешені, 13-қыркүйек «Жеңіс саябағы», 20-қыркүйек Бекзат секторындағы «Жаңа саябақ», 27-қыркүйек Бекзат секторындағы «Жаңа саябақта» сағат 17:00-де өтеді. Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтары осы айдың соңына дейін жалғасатын көңілді кештерге барып, күнделікті қоңыр тіршіліктен бір сергіп, көңіл көтеруге үлкен мүмкіндік алып отыр.