АУДАНҒА ОНБІР ЭЛЕКТРЛІ КӨТЕРГІШ МАШИНАЛАРЫ АЛЫНДЫ

0
57

Түркістан облысы Созақ ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Мұрат Қадырбеков жұмыс сапарымен келді. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында бірқатар қоғамдық ұйым мүшелері және аудындық мәслихат депутаттарымен кездесті. Жиынды аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев ашып, жүргізіп отырды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Болатұлы заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жайында сөз етті. Азаматтық қорғауды жетілдіру және экономиканың өңдеуші секторын дамыту мәселелеріне арналған парламенттік тыңдауларға тоқталды. Бұдан бөлек, тұрақты комитеттер өткізген 4 «Үкімет сағаты», 50-ге жуық көшпелі отырыс пен 100-ден аса дөңгелек үстел мен кездесулерде айтылған мәселелерді тілге тиек етті.

Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов және аудандық мәслихат депутаттары тарапынан бірқатар сұрақтар мен ұсыныстар айтылды.

Сенатор көтерілген мәселелердің маңыздылығын ескеріп, еркін тақырыпта пікір алмасты. Алдағы парламент сессиясының күн тәртібіне енгізіп, мәселенің шешілуіне оң ықпал жасайтындығын жеткізді.

Жиыннан соң аудан орталығынан «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылысын аралады. Мердігер мекеменің өкілдері жұмыс қарқыны өндірістік кестенің алдында екенін айтып, жұмыс барысымен таныстырды.

Ал, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан аумағындағы ауылдық округтер мен кенттерге 11 дана электрлі көтергіш машиналарын табыстады.

Бағаналардағы көше жарықшамдарын алмастыру мен ауылдарға кіре беріс тұстағы аркаларды безендіру сынды басқа да биіктіктегі жұмыстарды оңтайландыру мақсатында жеткізілген жаңа қондырғылардың тиімділігімен жан-жақты танысты. Округ әкімдеріне ендігі кезекте ішкі көшелердегі жарықшамдардың сөніп қалуы сынды мәселелер болмауы керектігін қатаң ескертті.

Айта кетейік, жоғарғы кеңістіктегі жұмыстарды оңтайландыратын жаңа машиналар ауданға облыс көлемінде алғаш болып алынып отыр. Бұған дейін аудандағы елді мекендердің арасы шалғай орналасқандықтан істен шыққан жарықшамдарды алмастыруға немесе қажеттілігіне қарай өзге де жұмыстарға жүк көтергіш машиналарының жетіспеуі сынды мәселелер туындап келген болатын.

Бұл жөнінде аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлының тұрғындармен өткен есептік жиындары мен БАҚ беттерінде жиі көтерілді. Аудан басшысы аталған мәселелерді оңтайландыру жолын қарап, әр ауылдық округке электрлі көтергіш машинасын алуды қолға алды.

Жаңа қондырғылардың салмағы 1,5 тоннаны құраса, 12 метрге дейінгі биіктікке көтеріледі. Платформаның көлеміне байланысты бір адам немесе жұмысшылар тобы бір уақытта жұмыс істей алады. Кез келген көлік түріне жегіп, тасымалдауға ыңғайлы етіп жасалған.

Сонымен бірге, аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде спорт күні мерекесіне орай мерекелік шара өтті. Шара барысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны әуелете шырқалып, аудан спортшыларының жеткен жетістіктері баяндалды.

Жиынға арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков спорт ардагерлері мен спортшыларды және спорт саласының қызметкерлерін айтулы мерекемен құттықтады. Ауданда спорт саласы бойынша атқарылып жатқан ауқымды жобаларға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. КСРО, Орта Азия біріншіліктерінің жеңімпаздары атанған спорт ардагерлері мен спорт саласындағы білікті бапкерлерді марапаттап, құрмет көрсетті.

Аудан спортшыларын мерейлі мерекелерімен құттықтап, ізгі тілегін арнаған аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев халықаралық және республикалық сайыстарда жүлдемен оралып жүрген бірқатар спортшылар мен сала мамандарын арнайы алғыс хатпен марапаттады.

Ардагер спортшы Шәдібеков Анарбай ақ батасын арнап, аудан спортшыларының шеберлігі мен кәсіби деңгейіне айрықша тоқталды. Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндер орындап, мерекенің ажарын аша түсті.