МАҚСАТ – ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫН АШЫП, ӨНДІРІС КӨЛЕМІН ҰЛҒАЙТУ

Мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Ол үшін ауыл шаруашылығын жан-жақты дамытуға баса назар аударылуы қажет. Еліміздің ауыл шаруашылығы саласын өркендетуде, отандық өнім өндіруде алдыңғы лектегі Түркістан облысында бұл бағыттағы жұмыстар жандануда.
Сайрам ауданында мал шаруашылығын дамыту бойынша ауқымды шаралар жүзеге аспақ. Ірі мал бордақылау алаңдарын ашу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Мақсат – жұмыс орындарын ашу, өндіріс көлемін арттыру. Сондай-ақ заңсыз берілген жерлерге қатысты да нақты шешім шығарылып, ретке келтіріледі. Ветеринария саласындағы жұмыстарды ретке келтіру бойынша бірқатар ұсыныстар қаралуда.
Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтау үшін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды барлық жауапты сала басшыларымен кездесіп, мәселені жан- жақты талқылады. Қазіргі атқарылып жатқан жұмыстардың барысын Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов баяндады.
Сайрам ауданы — Түркістан облысындағы ірі аудандардың бірі, халқының тығыздығы жағынан өте үлкен, әрі даму әлеуеті аса жоғары, көпұлтты аймақ. Аудан халқының негізгі кәсібі мал шаруашылығы. Ірі қара мал етін өндіріп сатуда республикамызды ғана емес, алыс-жақын шет елдерді де етпен қамтамасыз етіп отырған өңір. Мал басын бордақылаудан облыс бойынша алдыңғы қатардағы аудандардың бірі.
Ауданда ретсіз сауданың жолы кесіліп, санитарлық талапқа сай болуы бақыланады. Бұл тұста барлық жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Бүгінгі таңда аудандағы ірі қара мал басы 200 мыңнан асады. Аудан бойынша тәулігіне орта есеппен 3 мыңға жуық мал сойылады. Бордақылау алаңдарында 2 мыңнан астам адам жұмыс істеуде. Сайрам ауданындағы елді мекендер ішінде халық ең көп шоғырланған Қарабұлақ ауылдық округінде екі ірі мал базары бар.
Малдың қаны мен сүйегін қайта өңдейтін цехтар салынып жатыр. Аудандағы әрбір мал сою бекеті, кәсіпкерлер, мал саны толық есепке алынып, тіркелуден өтуде. Төрт түліктің жүні мен терісін қайта өңдеу және кәдеге жарату бойынша жобалар жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, сайрамдықтар көптен күткен қуанышқа кенеліп отыр. Тұрғындар бұған дейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Түркістан облысы, Сайрам аудандық филиалында жалғыз ғана халыққа қызмет көрсету орталығында ұзын-сонар кезек күтетін. Мiне, бүгін осы орталықтың қатары ауданға қарасты Қайнарбұлақ ауылдық округі, Қасымбек Датқа ауылындағы «Жаңақұрылыс 2» ғимаратында ашылған тағы бiр бөліммен толықты.
Сандық кеңсенің ашылу салтанатында аудан әкімі Арман Сәбитов «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Түркістан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Айдос Ашетов және Қайнарбұлақ ауылдық округінің төбе биі Уәш Бөрібекұлы құттықтау сөз сөйлеп, арнайы лентасын қиды. Бұл бастаманың халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруда алатын орны айрықша екенін айтты.
Жаңадан ашылған орталық ауданға қарасты Қайнарбұлақ, Құтарыс және Көлкент ауылдық округтеріндегі 43000 тұрғынға қызмет көрсетедi. Азаматтар 10 терезе арқылы екі ауысымда ЭЦҚ алу, тұрғын үй, жер телімдері құжаттарын рәсімдеу бойынша орталықтың көмегіне жүгіне алады. Өз кезегінде, тұрғындар енді мемлекеттік қызметтер шеңберіндегі шаруаларын шешу үшін аудан орталығына сабылмай, жақын жерде қол жеткізетініне ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, алдағы уақытта азаматтарға көші-қон құжаттары бойынша қызмет алу түрін енгізу жоспарланып отыр.