ОБЛЫС ӘКІМІ САЛАНЫ ҚЫСҚА МЕРЗІМДЕ ЖАҢАРТУДЫ ТАПСЫРДЫ

0
59

Маусым айында Мемлекет басшысы туризм мәселелері бойынша жиын өткізіп, бірқатар тапсырма берген болатын. Түркістан облысына келуге қызығушылық танытатындар қатары күн санап артып келеді. Түркі әлемінің туристік астанасы атанған киелі өңірде соған сай туристік жобалар қолға алынбақ. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде осы және басқа да туристік қызметтер талқыланды. Облыс басшысы бұл саланы қысқа уақытта жандандыруды, кемшіліктерді түзетумен жұмыс істеуді қатаң тапсырды. Сонымен қатар аудан, қала әкімдеріне киелі нысандардың тазалығын сақтауды айтып, сол аумақтағы жол белгілері мен жарықтандыру мәселесін шешуді жүктеді.

– Біздің облысқа туристерді тартудың бірден бір жолы, оларға сапалы әрі дұрыс қызмет көрсете алу деп ойлаймын. Бұл біздің ең бірінші міндетіміз болуы тиіс. Бұдан бөлек жаңа жобалар қолға алынып, жан-жақты қызықтыруымыз керек. Қысқа мерзімде туристік өнімдер мен туристер санын арттыру үшін Күлтөбе қалашығы мен Қолөнершілер қаласы жобасын жүзеге асырып, экотуризмді дамыту қажет. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарға негізделген шеберлік сағаттары, ұлттық ойындар мен тағамдарды ұсыныңыздар. Сервис деңгейін жақсарту мақсатында туристік бизнес өкілдерін оқыту жұмыстарын тұрақты жүргізіңіздер, – деді облыс әкімі.

Облыс орталығынан алыс орналасқан нысандарда сервисті жақсарту үшін ұсынылған визит орталықтар мен модульдік ғимараттарда электронды аудиогидтар орнату арқылы шешуді тапсырды. Мысалы, әлемнің танымал музейлерінде смартфондарға орнатылған электронды аудиогидтар пайдаланылады. Сондай-ақ, электрокарлар жұмыстарын реттеу, жүргізушілеріне экскурсиялық кітапшалар тарату, оқытудан өткізу, маршрутын бекіту қажет.

Жиын барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов туризмді дамыту туралы баяндама жасады. Оның айтуынша аталған салаға жан-жақты талдау жүргізілген. Сонымен қатар отандық туризм мамандары мен сарапшылардың ұсыныстары тыңдалып, бірқатар жобалар жоспарланып отыр. Жалпы жыл басынан бері өңірге 15 мың шетелдік турист келген. Ал жалпы келушілердің арасында жүргізілген сауалнамада басым көпшілігі қызмет сапасы мен әжетханаға шағым жасаған.

Өңірдегі нысандарға негізінен Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары барады. Аптасына 25-30 тур ұйымдастырылып, мыңнан аса адам экотуризм мен киелі аймақтарды тамашалайды. Турпакеттер сатып алады. Сонымен қатар Біркөлік шатқалы отбасылық және ұжымдық мерекелер үшін таптырмас орынға айналып үлгерген.

Қазіргі таңда туристік нысандарда күрделі құрылыстар жүргізіліп, жергілікті экожүйе бұзылуда. Әлемдік тенденцияны ескере отырып, туризмді дамыту барысында экологиялық таза жобалар қолданылады. Оның бірі – визит орталықтар. Елімізде бұл жобаның тиімді кейстері бар. Облыста осындай орталықтарды Ақсу каньоны, Тұттыбұлақ сарқырамасы мен Сайрамсу шатқалында жүзеге асыру ұсынылды. Алдағы уақытта нысандар маңында үш тілді ақпараттық стендтер жаңартылады. Модульді құрылымдарда ақпараттық дүңгіршек, бренд кәдесыйлар дүкені және әжетхана қамтылады. Туризмді дамытудың келесі механизмі ауқымды іс-шаралардың күнтізбесін әзірлеу және өткізу.

Түлкібас ауданының туристік-рекреациялық ресурстарын дамытып, заманауи демалыс аумақтарын салуға күш салынуда. Іссапармен барған облыс әкіміне бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Туризм аумағын әрі демалыс, әрі табыс көзіне айналдыру үшін жаңа жобалар қолға алынды. Аумақта 36 туристік нысан жұмыс істейді. Атап айтқанда, 6 балалар сауықтыру лагері, 2 емдік сауықтыру орталығы, 21 туристік аймақ пен туристік базалар, 4 киелі аймақ және 3 қонақ үй келушілерге қызмет көрсетеді.

Туризм бағыты бойынша алдағы 3 жылда 13,4 млрд. теңгеге 5 жобаны сүйемелдеу жұмыстары жүргізілмек. Оның ішінде, «Ақcу Жабағылы» оңалту сауықтыру кешенін қайта құрылымдау және «Түлкібас саясы» ЖШС-нің қолданыстағы емдік сауықтыру орталығын кеңейту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар «Ақcу Жабағылы» ОСК» ЖШС арқылы 400 орындық оңалту сауықтыру кешенінің құрылысы қолға алынады. Бұдан бөлек, жеке кәсіпкерлер есебінен «Патсаев. К» және «Боташов Б» демалыс орындары ашылмақ.

Сонымен қатар туризм саласын дамыту мақсатында аудан аумағынан 80 га жерге спорт, мәдени, емдік-сауықтыру бағытында Иірсу, Жабағылы рекреациялық аймақтарын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аймақта киіз үйлер қалашығын, коттеджді қалашықтар, қонақ үйлер, ойын-сауық орындары, жабық спорттық залдар, ашық спорт алаңдарын және тағы басқа нысандар орналастыру үшін жер телімдері ұсынылатын болады.

Жобалар толық іске қосылғанда, 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Одан бөлек, төсек-орын саны қосымша 640 бірлікке артып, салық түсімдері ұлғаяды деп күтілуде.