ТЕРІСКЕЙДЕ ҚЫСҚЫ МАУСЫМҒА ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ БАҚЫЛАУДА

Халықтың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстардың бірі таянып келе жатқан қысқы маусымға дайындық шараларын сапалы жүргізу. Жаздың басынан бастап Түркістан облысының әкімінің пәрменімен барлық қала, аудандарда алдағы қысқы маусымға жылу жүйелерін дайындау жұмыстары қолға алынған. Ондағы мақсат – қара күзге дейін қысқы маусымға дайындықты аяқтап, қажетті қатты отын, сұйық отындарды жеткізіп алу. Жылу станциялары мен қазандықтарды, жылу тасымалдау магистралды құбырларын жаз айларында сапалы жөндеуден өткізіп, қыста орын алуы мүмкін апаттардың алдын алу.
Қысқы маусымға дайындықты ұйымдастыру жұмыстары шалғай жатқан, ауа райы басқа аудандардан гөрі салқын болып келетін Созақ ауданында да жаз басынан жоспарға сәйкес басталып кетті. Өңір басшысы аудандағы жылу маусымына дайындықты үнемі назарында ұстап, арнайы барып көріп, кем-кетіктерді түзетуді, жоспарлы жұмыстарды белгіленген мерзімінде сапалы бітіруді тапсырып, қадағалауда.
Таяуда жылу маусымына дайындық барысына байланысты кезекті сапарында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Қыземшек кентіне арнайы барып, кентте атқарылып жатқан жұмыстарды бақылауына алды. Сапар барысын «Шолаққорған-су» МКК мекемесіне қарасты орталықтандырылған жылу қазандығында жүріп жатқан орташа жөндеу жұмыстарынан бастады.
Қазіргі уақытта жылу жүйесіне техникалық тексеру жұмыстары жүргізіліп, орын алған осал тұстарын қалпына келтіруде.
Аудан басшысы сала мамандары мен жауапты бөлім, мекеме басшыларына жылуға қатысты қатаң талаптар қойды. Дайындық жұмыстарын уақытылы аяқтап, сапалы атқаруды ескертті.
– Жылуға қажетті шараларды дер кезінде қабылдап, аса жауапкершілікпен қарауды ескертемін. Бұған дейін өткен жылы кездескен кейбір кемшіліктер толықтай сарапталды. Ол бойынша арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Жұмысты үйлестіру керек. Босаңсуға уақыт жоқ. Басты мәселе халықты маусымында сапалы жылумен қамту,-деген аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы кент ішіндегі кәріз сорғы станцияларын да аралап, жұмысымен танысты.
Аралау барысында жауптыларға станциялардағы кәріз сорғыларын жаңадан алмастыру жөнінде міндеттер жүктеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды тікелей бақылауында ұстайтынын айтты.
Айта кетейік, биылғы жылдан бастап, Таукент және Қыземшек кенттеріндегі жылу жүйесі толықтай сұйық отынға ауысады. Бұған дейін жылу жүйесі мен (жылу трассасына) техникалық тексеру жұмыстары жүргізіліп, анықталған кемшіліктер бойынша жөндеу жұмыстары жүруде.
Бүгінге дейін Қыземшек кенті ішінде ішкі орамдық жылу құбырының 910 метр жылу трассасы мен жарамсыз қосалқы бөлшектері және 120 дана задвижкалар алмастырылып, сығымдау жұмыстарын жүргізу арқылы тексерістен өткізілді.
Сондай-ақ жылу қазандығы ішіндегі сорғылар мен сұйық отынды айдайтын жүйесі толықтай жаңартылды. Ғимарат ішіндегі қабырғаларды әктеу, сырлау жұмыстарымен қатар, тозығы жеткен есік, терезелер ауыстырылды. Еденінің 1000 шаршы метріне бетон жаймасы төселді.
Аудан басшысы жылуға қатысты жұмыстардан соң, кент ішінде асфальт жабындысы төселетін көшелерді де аралады. Жауаптыларға жұмыс сапасына мән беріп, бұл бағыттағы жұмыстарды ширату керектігін айтты.