ЕРІКТІ ТҮРДЕ ҚОНЫС АУДАРУ БОЙЫНША КЕЗДЕСУЛЕР ӨТУДЕ

0
73

Қазақстан Республикасының мемлекеттік стратегиялық жоспарына сәйкес елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындарының саны азайып қалған аймақтарға ерікті түрде қоныстануды ұйымдастыру арқылы ол өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарту әрі шекаралық шеткі аймақтардағы мемлекеттік қауіпсіздікті мықтау мақсатында бірнеше жылдан бері мемлекеттік арнаулы бағдарлама арқылы еліміздің солтүстік және шығыс аймақтарына Оңтүстік өңірлерден ерікті қоныс аударушыларды көшіріп апарып қоныстандыру шарасы жүзеге асырылуда.

Қазақстанның аталған аймақтарындағы халық саны селдіреп, жұмыс күші тапшылыққа айналған облыстарының өкілдері жыл сайын оңтүстік өңірлерге, оның ішінде халық саны ең көп, жұмыс күші артық саналатын Түркістан облысының қала, аудандарына да арнайы атбасын бұрып, жергілікті тұрғындармен кездесіп, оларға көшіп баратын жерлеріндегі жеңілдіктермен, жалпы жағдайлармен таныстырып, жұмыс түрлерін де ұсынады. Ол жаққа көшіп барудың талаптары мен жауапкершілігін, мемлекет тарапынан жасалынатын жеңілдіктерді түсіндіреді. Аталған аймақтарға көшіп баруға ниетті азаматарды ұйымдастырып, арнаулы көлікпен көшіп баратын өңірлеріне сапарлауды ұйымдастырып, ол жақтағы жағдайман танысып қайтуларына да мүмкіндік жасалынған.

Түлкібас ауданында «Аудандық мәдениет үйі» ғимаратында еңбек күшін қажет ететін солтүстік өңірлерге халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақтарынан азаматтарды ерікті түрде көшіру жұмыстары бойынша тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылды.

Жалпы 2015 жылдан бергі көрсеткіштерге сәйкес, жұмыс күші аз Солтүстік өңірлерге Оңтүстік аймақтардан жалпы саны 14 874 адам қоныс аударған. Сол сияқты бірнеше жылда жүздеген оңтүстік жастар да «Серпін-2050» бағдарламасының арқасында Солтүстік және Шығыс Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарына тегін оқуға түсіп қалаған мамандығын алған соң сол өңірде бес жыл бойы тұрақты қоныстанып, жұмыс істеу бойынша бағдарламаға қатысты. Қазіргі кезде үкімет тарапынан ерікті түрде қоныс аударуға арналған мемлекеттік бағдарламаны жетілдіру мәселесін қарастыру да жоспарлануда.

Арнайы әссапармен келген делегация қатарында Павлодар облысынан «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-нің директоры Есембаева Меруерт Сейтбекқызы, «Успен аудандық мансап орталығы» филиалының директоры Мақатаев Серік Қайыргелдіұлы, Ақтоғай ауданы әкімдігінің «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» КММ-нің басшысы Неғметулла Қолқанат Ерланұлы, Ефремов ауылдық округінің әкімі Гапу Сапаржан Гапуовна және Солтүстік Қазақстан облысынан «Мамлют аудандық мансап орталығы» филиалының директоры Самарханұлы Еркін, Ғ.Мүсірепов ауданы әкімдігінің «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» КММ-нің басшысының орынбасары Шегебаев Баян қатысып, түлкібастықтарды солтүстік өңірлерге қоныстануға шақырды.

Іс шараға 250 адам қатысып, оның ішінде қоныс аударуға кеңес алғандар саны 30 болса, көшуге ниет білдіргендер саны 8 отбасы болды. Павлодар облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-нің директоры Есембаева Меруерт Сейтбекқызы Солтүстікке қажетті жұмыс күш қатарын толықтыру бойынша үгіт-насихат жүргізді.

Мемлекет Солтүстік облыстарға қоныс аударғандардың отбасы мүшелеріне бір рет 70 АЕК (258 440 теңге) мөлшерінде ақша, алғашқы уақытта үй жалдауға қаржы береді. Бұдан бөлек, қысқа уақытқа кәсіби оқуға жіберіп, жұмысқа орналастыруы және жеңілдікпен баспана алуға көмектесуі тиіс. Ал қоныс аударғандарға жұмыс ұсынған жұмыс берушілерге 400 АЕК (1 476 800 теңге) субсидия беріледі.

Кездесу соңында тұрғындар қоныс аудару бойынша кеңестер алып, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды.