ЖЕТІСАЙДА «ҚОНЫС АУДАРУ» ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

0
65

Байтақ Отанымыздың бірнеше аймағында сырттан жайлы өмір үшін көшіп келген этностардың өкілдері Қазақстан егемендік жариялағаннан кейінгі қалыптасу кезеңінде қиындыққа душар болғанда өз тарихи отандарына төңкеріле көшіп кеткен болатын. Олардың көшіп кету процесі әлі де жалғасуда. Сондықтан еліміздің солтүстік және шығыс облыстарында халықтың саны селдіреп қалғандықтан жұмыс күші жетіспеушілігі туындауда. Мемлекет осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында шетелдерден туған жеріне көшіп келіп жатқан қандастарды сол облыстарға қоныстандыруды қолға алды. Бірақ, онымен мәселе шешімін таппайтын болған соң Оңтүстік аймақтардағы халқы тығыз өңірлерден ерікті түрде солтүстік пен шығыс аймақтарға азаматтарды көшірудің бағдарламасын қабылдады. «Серпін» оқыту бағдарламасы арқылы оңтүстіктің жастарын сол аймақтағы оқу орындарына тегін оқуға түсіріп, бітірген соң сол өңірде қалып жас маман болып жұмыс ісеп орнығуына да мүмкіндік беретін бағдарлама жұмыс істеуде. Бұған қоса өз еркімен жоғарыда аталған өңірлерге қоныс аударып, тұрақты тұрғысы келетін азаматтарға көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Сондықтан да, соңғы бірнеше жылда солтүстік-шығыс өңірлерге оңтүстіктен бірнеше мың азамат отабсымен көшіп барып қоныстанды. Бұл үрдіс жалғасуда. Өйткені Оңтүстікте жұмыс күші артық болса солтүстікте жетіспейді. Бұл қоныс аудару бағдарламасын сол екі өңірдің де проблемасын шешіге көмектесуде.
Жетісай ауданында «Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу» бағытында Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары өкілдерінің қатысуымен «Қоныс аудару» жәрмеңкесі өтті. Аталған шараға 250-ге жуық жергілікті тұрғын қатысып, өздеріне қажетті мәліметтермен танысты.
Жетісай аудандық «Мансап» орталығының ұйымдастыруымен өткен «Қоныс аудару» жәрмеңкесіне аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен «Amanat» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров қатысты.
Жәрмеңке барысында Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарынан келген делегация мүшелері өңірлердің жай-күйімен, жергілікті азаматтардың тыныс-тіршілігімен, өңірдің перспективасымен таныстырды. Қоныс аударуға ниетті азаматтармен тілдесіп, мемлекет солтүстік облыстарға қоныс аударған азаматтардың отбасы мүшелеріне бір рет 70 АЕК (258 440 теңге) мөлшерінде қаржы, алғашқы уақытта үй жалдауға қаржы берілетінін, сонымен қатар қысқа уақытқа кәсіби оқуға жіберіп, жұмысқа тұрғызу, жеңілдікпен баспана алуға көмектесуді міндетіне алатынын түсіндірді.
Түркістан облысы республикамыздағы халқы тығыз орналасқан, жұмысшы күші көп аймақ саналады. 2015 жылдан бері Түркістан облысынан жұмыс күші жетпейтін Солтүстік өңірлерге 3 689 отбасының 14 126 мүшесі қоныс аударған. Бұл республика бойынша қоныс аударушылардың 33 пайызын құрайды.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің биылғы жылға бөлген 7050 квотасы негізіген Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Абай, Ұлытау және Қарағанды облыстарының еншісінде.
Айта кетейік, мұндай жәрмеңкелер Жетісай ауданымен қатар Мақтарал, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Түлкібас, Ордабасы, Сайрам және Бәйдібек аудандарында да өткізілетін болады.