ТУРИЗММЕН БІРГЕ ҚАРҚЫНДЫ БАУ АУДАН БРЕНДІНЕ АЙНАЛУДА

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірдегі аудандардың географиялық, климаттық, су қоры мен жер қыртысының жағдайларына байланысты әр ауданда өндірілетін өнімнің ішінде аз шығынмен мол табыс беретін түрлерін тағдап алып, сол бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырған. Соған орай Түркістан облысында әр ауданның өз брендін қалыптастыру бағытында жұмыстар атқарылуда. Түлкібас ауданында басқа салалар да дамытылып жатқанымен ауданның бренді терінде «түлкібастың алмасы» мен туризмін ерекше өркендетуді қолға алу тиімді болады. Сонау жиырмасыншы ғасырдың басынан бастап атақты алмаларымен аты шыққан Түлкібас ауданында алма бауын өсіру бренд деуге болады. Заман ағымына қарай енді сол алма бақтарында алманың өсімтал, өнімді мол беретін сұрыптарын іріктеп алып өсіруді қолға алу экономикалық жағынан да көп тиімділік әкелмек. Сондықтан да, Түлкібас ауданында қарқынды бау көлемін көбейтуге ерекше мән берілуде. Аудандағы алма баулардың көлемі 3 мың гектарды құраса, соның 700 гектардан астамы – қарқынды бау. Биыл ауданда тағы 55 гектар жерге тамшылатып суару технологиясы енгізілген қарқынды алма бауы егілді. Бағбандармен кездескен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданындағы Шақпақ ауылдық округінде «Кен-Тау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қарқынды алма бауында болды.
Облыс әкімі аудандағы өндіріс орнына арнайы барып, жұмыс барысын бақылады.
Серіктестіктің директоры Қайрат Садықовтың айтуынша, алма көшеттері арнайы Түркиядан алдырылған. Тамшылатып суғару әдісін қолдану арқылы 30 гектар жерден 7 тоннаға жуық өнім алуда. Өндіріс орнында 150-200 адам жұмыс істейді. Алма бауында су үнемдеу технологиясын пайдалану арқылы 6 мың тонна өнім жиналған. Түлкібас алмасы Қазақстанның барлық аумақтарына жеткізіледі. Сондай-ақ көрші Өзбекстан мен Ресейде де сұраныс артқан.
Айта кетейік, «Кен-Тау» серіктестігінің қарқынды алма бау көлемі 240 гектарға жетіп отыр. Серіктестіктің 2200 тонна алма сақтайтын қоймасы бар. Кәсіпкер қыс мезгілінде алмаға сұраныстың күрт көтерілетініне байланысты алдағы уақытта қосымша 2 тоннадан астам алма сақтайтын салқындатқышы бар қойма салуды жоспарлап отыр. Осылайша ол қыс мезгілінде 4400 тоннаға дейін Түлкібастың экологиялық таза алмасын саудаға шығармақ.
Түркістан облысы бойынша бүгінгі таңда жеміс салу жасындағы жеміс-жидек ағаштары 17,9 мың гектарға (15,4 мың га алма, 0,6 мың га алмұрт, 1,1 мың га өрік, 0,6 мың га шие, 0,5 мың гектар шабдалы, 1,2 мың га қара өрік, 0,3 мың га жидек ағаштары) оның ішінде: 5,4 мың гектар қарқынды алма бауы орналастырылған. Бұл республикадағы жеміс-жидек ағаштарының 43% құрайды. Дәстүрлі баулардан гектарына 60-70 центнерден өнім алынса, қарқынды баулардан 300-350 центнерден өнім жиналды. Бұл дегеніңіз қарқынды баудан артық шығын шығармастан бес есе артық өнім жинауға болады, деген сөз. Су үнемдеу технологиясын пайдалана отырып өнімді бұдан да мол өндіруге, су ысырабын еселеп азайтуға қол жеткізуге болады. Бір сөзбен айтқанда, алма өнімін алуда озық технологияларды пайдалана отырып оның шығынын азайтып, ал өнімінің көлемі мен сапасын арттыра түсу аудан экономикасын айтарлықтай үлес қоса алады.
Қарқынды баулардың негізгі бөлігі Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт, Сайрам аудандарында орналасқан. Өткен жылы жеміс салу жасындағы жеміс-жидек ағаштарынан 116,9 мың тн (95,8мың тн алма, 3,6 мың тн алмұрт, 7,4 мың тн сары өрік, 4,2 мың тн шие, 2,4 мың тншабдалы, 3,3 мың тн қара өрік, 1,8мың тн жидектер) өнімі жиналды. Бүгінгі күнге 26,0 мың тн Ресей, Қырғызстан, Белоруссия, Өзбекстан елдеріне экспортталды.
Облыста қарқынды бау шаруашылығын дамыту мен бұл бағытқа инвесторлар тарту жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Жеміс-жидек ағаштарына мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес қолдаулар көрсетіледі.