ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ КӨШЕЛЕР ЖӨНДЕЛУДЕ

0
66

Мемлекет басшысы Түркістан қаласы облыс орталығына айналып, исі түркі мемлекеттерінің рухани астанасы болып танылғаннан бастап оның қанатын кең жайып өсіне, сәулеті мен әлеуметтік инфрақұрылымына баса наза аудару қажеттігін айтып келеді. Бірнеше жылдың ішінде Түркістан түлеп, адам танымастай болып өзгеріп, сәулеті мен сәні көз тартып, тұрғындардың жайлы өмір сүру деңгейі көтеріліп келеді. Дегенмен де облыс басшысы әлі де қаланың заманауи шаһарға айналып, туризм орталығы ретінде жан-жақты дамуы мен инфрақұрылымдарының сапалы болуын қатаң қадағалап отырады.

Инфрақұрылымның ішінде қала көшелеріне сапалы асфальт төсеу мәселесі де бар. Қала басшылығы да бұл мәселеге назарын аударып, жоспарлы түрде көшелерге асфальт жабыдыларын төсеу, жөндеу жұмыстарын жүргізуде.

Түркістан қаласында өткен жылдың қорытындысымен асфальт жолдардың үлесі 383,9 (45,4%) шақырымды құраған болатын. Сондай-ақ, соңғы үш жылда шаһар аумағындағы топырақ жолдардың шешімі табылды.

Жалпы қала аумағында 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Биыл оның 50,8 шақырымды құрайтын 45 көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 23,8 шақырымды құрайтын 20 көшенің орташа жөндеу жұмыстарына қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары бастау алды. Аталған жол сапасын жақсарту мақсатында жасалған жұмыстарға қаржы толықтай бөлінген жағдайда, 45 көшенің құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың қазан айында аяқталады. Нәтижесінде жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдар үлесін 51,4%-ға жеткізу көзделіп отыр.

Ал келесі жылы 50,5 шақырымдық 77 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Аталған жөндеу жұмыстары іске асқан жағдайда, жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдар үлесі 57,4%-ға жетіп, асфальт жолдар ұзындығы 485,2 шақырымды құрайды.