БІЛІМ ОРДАЛАРЫ БЕЛГІЛЕНГЕН МЕРЗІМДЕ ДАЙЫН БОЛУЫ ТИІС

0
58

Мемлекет білім беру саласына ерекше мән беріп, жас ұрпақтың жан-жақты білімдар, тәрбиелі, заманауи ғылым мен технологияларды меңгеріп шығуы үшін барлық жағдайларды жасау бағытында үздіксіз жұмыс жасауда. Білім саласында білім мен тәрбие берудің сапасын арттыру, оқушылардың жайлы сыныптар мен ғимараттарда білікті де ұлағатты ұстаздардан сапалы білім мен саналы тәрбие алып шығуына толық мүмкіндіктер жасалуы жергілікті атқару органдарының назарында. Биыл мамырда оқу жылы аяқталысымен-ақ, жергілікті әкімдіктер, білім басқармалары алдағы жаңа оқу жылына дайындықты бастап кеткен. Түрлі бағдарламалар мен жобалардан, республика мен облыстан, жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржыларды пайдалана отырып білім ордаларына ағымдағы, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Оған қоса мемлекеттік «Жайлы мектеп» жобасына, басқа да бағдарламалар мен облыс, аудан әкімдіктерінің тұжырымдамаларына сәйкес жаңа мектеп ғимараттарын салу жұмысы да жүріп жатыр.

Жаңа оқу жылының басталуына да аз күндер қалды. Сондықтан облыстан бастап қала, аудандарда жоғарыдағы жұмыстардың орындалу барысын қадағалау күшейді. Облыс әкімінің бұдан бұрын айтқанындай оқушылар жаңа оқу жылын жайлы ғимараттарда, жарық та жөндеуден өткен кабинеттерде жоғары көңіл күймен бастауы тиіс. Жергілікті атқару органдары мен білім саласына жауаптылар балаларды сол қуанышынан айырмай, жоспарланған жұмыстарды белгіленген мерзімінде аяқтауға міндетті.

Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев күрделі жөндеуден өтіп жатқан білім ошақтарын аралап, жай-күйімен танысты.

Жаңа оқу жылдың басталуына небәрі бірнеше қалды. Аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы білім ошағы ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатқан Екпінді елді мекеніндегі Т.Назарбеков атындағы және Кеңесарықтағы Б.Биболатұлы атындағы жалпы орта мектебі ғимаратының күрделі жөндеуден өткізу барысын қадағалады.

Аудан әкімі мердігер мекеме өкілі, білім бөлімінің мамандарымен бірге ғимараттағы құрылыс жұмысының қарқынына назар аударды. Б.Биболатұлы жалпы мектебі 500 оқушыға арналған. Бұл білім ұясын күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжат дайындалып, сараптаманың оң қорытындысы алынған. 2024 жылға 400 млн. теңге қаржы қаралды. Жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.

Төлеген Тұртайұлы ғимараттардың құрылысына жауапты мердігерлерге нысандар талапқа сай болуы және кестеден кешікпеуі қажеттігін ескертіп, жобадан ауытқымай жасалуы қажеттігін айтты. Б.Биболатұлы жалпы мектебін күрделі жөндеуден мердігер — «Vek-Stroy-Com» ЖШС өткізеді.

2024 жылғы жаңа оқу жылына дайындық аясында аудан аумағында мектептерде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың қатаң бақылауында және қадағалауды салаға жауапты әкім орынбасары А.Қозыбаевқа тапсырған болатын.

Жөндеу жұмыстары сапалы әрі мерзімінде аяқталғанға дейін аудан әкімінің орынбасары А.Қозыбаев жұмыс кестесіне сәйкес мектептерде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасын бақылап, мерзімінде әрі сапалы аяқталуы бойынша тиісті тапсырмалар мен ескертулер беруде.

Кезекті аралап көру үшін аудан әкімінің орынбасары А.Қозыбаев Жарты төбе ауылдық округіндегі №35 Б.Гафуров, Құркелес ауылдық округіндегі  №39 Т.Айбергенов, №19 А. Оразбаев және Тегісшіл ауылдық округіндегі №30 С.Торайғыров мектептеріндегі жөндеу жұмыстарымен танысты.

Айта кетсек, бүгінгі таңда мектептердің ғимараттарында мердігер мекемелер тарапынан мектеп ғимаратының ішкі сынып бөлмелерін әрлеу, сырлау, жылу жүйесін жаңарту, мектептің сыртқы келбетін жаңарту, ішкі әжетханаларды орнату, мектеп ауласына асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Аудан басшысының орынбасары жөндеу жұмыстарын бақылап, аудандық білім бөліміне және мердігер мекемеге балалар білім алатын ғимараттағы жөндеу жұмыстары барысында тек қана сапалы материалдарды пайдалануды және жөндеу жұмыстарын оқу жылы басталғанға дейін аяқтауды жүктеді.