ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ БАРЫСЫ ҚАДАҒАЛАНДЫ

0
55

«Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы және басқа да мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қарқын қосу. Әсіресе, ауылды жерлердегі әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдардың сапалы болуы ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартумен бірге ауыл шаруашылығының қарқынды дамуына мүмкіндік береді. Түркістан облысында ауылдың әлеуметтік және сапалы инфрақұрылымдармен қамтылуына ерекше назар аударылып отыр. Қала, аудандарда бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Әрі аудан басшылығының тікелей бақылауына алынған.

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Сызған ауылына арнайы барып, 4 шақырымды құрайтын ішкі көшелеріне салынып жатқан жолдың сапасымен танысты. Сондай-ақ елді мекенде құрылысы жүріп жатқан тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту жұмыстарын да бақылауға алды. Жергілікті тұрғындармен тілдесіп, алда атқарылар жоспарларымен бөлісті.

Сонымер қатар, онда КХ-110 “Мардан-Қозмолдақ-Сызған” облыстық автомобиль жолының 13,3 шақырымына жүргізілетін жөндеу жұмыстары да сөз болды. Күре жолдың жөндеу жұмыстары қыркүйек айында басталандығы айтылды.

Аудан басшысы жауапты сала мамандарына жасалып жатқан жұмыстарға жауапкершілікпен қарап, сапасына баса мән беруді тапсырды. Әрбір істі ауыл тұрғындарымен бірлесе нақтылауды ескертті.

Сызған ауылдық округіне қарасты Басбұлақ елді мекенінің тұрғындары «Таза Қазақстан» шарасы аясында тазалық жұмыстарын ұйымдастырып, шараға белсене атсалысуда.

Тазалық жұмыстары кезінде Саңғыл би кесенесінің аумағын абаттандырып, ауыл маңын, тұрғын үй аулалары мен күре жолдың бойын ретке келтірді. Негізсіз өскен арам шөптер мен қураған ағаштар оталды. Арық-атыздардың арнасын ашып, тұрмыстық қалдықтарды тазартты. Тазалық жұмыстарына 80-ге тарта тұрғындар мен ауылдық округ әкімдігінің қызметкерлері атсалысты. Тазалыққа қажетті техникалар жұмылдырылып, елді мекеннің 3,3 шақырымды құрайтын ішкі көшелері тазаланды. 2,5 тоннаға жақын қоқыс қалдықтары шығарылды.

Акцияның басты мақсаты – қоршаған орта мен тұрғындар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, азаматтық жауапкершілікті арттыру, экологиялық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру және нығайту мақсатында құрылған қоғамдық игілікке ұқыптылықпен қарау;

Жуантөбе ауылында жалпы ұзындығы 5,2 шақырымды құрайтын Қазыбек би, Қ. Омарұлы мен Ә. Жақсыбайұлы көшелеріне асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүруде. Осылайша ауылдың негізгі көшелеріндегі топырақ және тас жол мәселесі оң шешімін тауып, ішкі автомобиль жолдары 100 пайыз асфальтпен қамтылады.

Осы ретте, Жуантөбе ауылына арнайы барған аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы алдымен салынып жатқан жолдың сапасымен танысты. Ауыл тұрғындарымен ашық әңгімелесіп, жолдың сапасын бірлесе қадағалау керектігін айтты. Бұл бойынша мердігер мекеменің басшыларымен тілдесіп, жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Бұған қоса ауыл тазалығын ретке келтіру мақсатында салынған қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигонның жұмыс барысымен танысты.

Айта кетейік, осы жылы тұрғындар сұранысына орай Қожақ Омарұлы көшесіне көше жарықшамдары орнатылып, ауылдың ішкі көшелеріндегі жарықтандыру жұмыстары да 100 пайызды құрауда. Қазіргі таңда ауыл көлемінде 9,4 шақырымды құрайтын негізгі ішкі автомобиль жолдары бар.

Ал, Кентау қаласының орталық көшелерінде және 109 байланыс орталығына келіп түскен өтініштерге сәйкес асфальт жабындылары отырған, құдық қақпақшалары төмендеген жерлерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі таңда қаладағы Т.Рысқұлов, А.Байтұрсынов, Әл-Фараби, Д.Қонаев, Абай, Ы.Алтынсарин көшелерінде қалыпқа келтіру жұмыстары атқарылды.

Қазіргі таңда Жамбыл, Ш.Уалиханов, Б.Момышұлы, Төле би көшелерінде асфальт жабындыларын төсеуге кесу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар жалғасын табады.